Оралда автобуспен көлік соқтығысып, адамдар зардап шекті
Оралға кіре берістегі тас жолда бүгін таңертең жеңіл көлік пен шағын автобус бетпе-бет соқтығысты. Соңғысы Рубжинское елді мекенінен облыс орталығына жолаушылар алып келе жатыпты. Жеңіл машинаның жүргізушісі оқиға орнында жан тәсілім етсе, шағын автобустың бірнеше жолаушысы жарақат алған.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
05.03.2018
Соққының қатты болғаны сонша, қоғамдық көліктің доңғалағы ұшып, өзі жол шетіне шығып кеткен. Фольксваген Пассаттың да сау-тамтығы жоқ. Оның жүргізушісі жедел жәрдем келіп жеткенше көз жұмды. Шағын автобустың басы жарылған бір жолаушысы ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Жеңіл-желпі жарақат алған басқалары медициналық көмектен бас тартыпты. Болжам бойынша, бірнеше машинаның артында келе жатқан жеңіл автокөліктің жүргізушісі бәрін басып озбақ болып, қарсы бағытқа шығып кеткен. Алайда оның есебі дұрыс болмай сол бағытпен келе жатқан шағын автобуспен соқтығысқан.
Владимир Фисенко, шағын автобустың жүргізушісі:
-Ол төрт-бес машинадан құралған колоннаның ортасында келе жатты. Бір кезде қатардан шығып, маған қарсы жүрді. Жылдамдық есептей алмай, міне ақыры осылай болды. Көрдіңіздер ме, соққының қатты болғаны сонша, көлігімнің доңғалағын жұлып әкетті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!