Еліміздің бірнеше облысында жауған жаңбыр жұртты әуре-сарсаңға салуда
Көктайғақ салдарынан Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар облыстарында ірі тас жолдар жабылған. Мәселен, Теміртаудан Астанаға қатынайтын күре жол екі күннен бері жабық тұр. Ал Петропавлдағы травматология орталығы бір тәулікте сынық жарақатын алғандарға толып қалған.
Автор: Ұлан Нұрахмет
07.03.2018
-Сонда Петропавлдағы көшелерге жергілікті коммуналдық қызмет өкілдері құм сеуіп үлгермеген бе?
Петропавлда кеше күндіз жауған жаңбыр шаһарды алып мұз айдынына айналдырды. Мектептерде бүгін барлық сыныптар үшін сабақ тоқтаған.
Расымен де коммуналдық қызмет өкілдері дер кезінде жолдарға құм сеуіп үлгермеген екен. Енді, қалалық аурухананың травматология орталығы бір тәулікте сынық жарақатын алған науқастарға лық толды. Сондай- ақ, қалада болған ондаған жол апатынан зардап шеккен 11 адамға дәрігерлер ота жасады.
Ержан Әбуғалиев, қалалық №3 аурхуанның бас дәрігері :
-Бір тәулікте біздің аурухананың жарақат бөліміне 84 адам көмек сұрап келді. Олардың 66 -сы көшеде құлап жарақат алғандар. Бәріне көмек көрсетілді.
-Ұлан, ал Семейде көктайғақтан зардап шеккен адамдар бар ма?
Семейде де, жағдай мәз емес. Бүгінде, қала көшелері тұтас көк мұзға айналған. Абырой болғанда, көктайғақтан зардап шеккендер жоқ.
Әйтсе де, мектептердегі бірінші және екінші ауысымдағы оқушылар үшін жаппай сабақ тотатылған. Сонымен қатар, қаладан шығатын 7 бірдей маңызды тас жол жабылды. Олардың қатарында, Семей- Курчатов, Семей – Өскемен және Рессейге қатынайтын тас жол бар.
Қымбат Көпбаев, Семей қаласы ТЖБ азаматтық қорғаныс бөлімінің бастығы:
-Бүгін желдің көтерілуін болжап отырмыз. Оның жылдамдығы 25-30 метр секундқа жетуі мүмкін. Сондықтан, жолаушылардан алыс сапарға шықпауын сұраймыз.
Ал Қарғағанды облысында қарқын алған желдің кесірінен бір үйдің шатыры жұлынып қалған. Сондай-ақ, қар аралас жауған жаңбырдың соңы мұзда да көктайғаққа әкеп соқтырды. Бүгінде, Теміртаудан Астанаға қатынайтын күре жол кешеден бірі жабық жатса, Қарағанды- Балқаш күре жолына да тосқауыл қойылды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!