Маңғыстау облысында ата-ана мектеп басшылығымен соттаспақ
12 жастағы Ақжүніс Тұрдыбектің анасының айтуынша, қызын мектепте сыныптасы итеріп жіберіп, ол партаға басын соғып, есінен танып қалыпты. Қазір жасөспірімді дәрігерлер тексеріп жатыр. Ал мектеп басшылығы білім ордасында мұндай жанжал болған емес деп азар да безер. Бірақ өзінікін дұрыс санап отырған қарсы тарап бұларды жауапқа тартқызуға әрекеттеніп жатыр.
Автор: Жанар Низамутдинова
07.03.2018
Анасының айтуынша, алтыншы сыныпта оқитын Ақжүніс Тұрдыбек екінші ауысымдағы сабағына кетіп, содан мектебінде аяқ астынан денесі тырысып қалып, ауруханадан бір-ақ шыққан. Оқушының өзі анасына үзіліс кезінде оны сыныптағы балалардың бірі ұрғанын айтыпты. Осыдан кейін басы партаға соғылған Ақжүніс сол жерде есінен танып қалған.
Светлана Дәрментаева, Ақжүністің анасы:
-Ұрған баланың шешесі келген. Мен ол кісіні көрген жоқпын, телефонмен сөйлестім. Маған айтқаны – сіздің қызыңыз эпилепсиямен ауырады екен деді. Сондай ақау бар екен, сіздің қызыңыздың ауру ұстаған кезде баламыз соған жәрдем беріпті деді.
Мектеп басшылығы да Ақжүніске ешкім қолының ұшын да тигізбеген дегеннен танбай отыр. Айтуларынша, өзін жайсыз сезініп, құлап қалуы мүмкін. Өйткені, бұған дейін тұмаумен ауырған көрінеді.
Гүлнұр Себепбаева, Мұнайлы аудандық № 5 мектеп директорының орынбасары
-Оқушылардан сұралды сыныбындағы балалардан, ол баланы ешкі де итеріп жібермеген, ешкім де ұрмаған, өзі құлап қалған бала, әлсіреген.
Ал дәрігерлер Ақжүніске әзірге нақты диагноз қоймапты. Ол үшін әлі де толыққанды тексеру керек екен. Алынған кей сараптама да қыздың денесінде сынық, ісік немесе мидың зақымдануы секілді өзгерістердің бар екенін көрсетпепті.
Гүлжан Ермекбаева, Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының дәрігері:
-Компьютерлік томография қандай да болмасын жарақатты көрсетіп тұрған жоқ. Бірақ тексерген кезде қыздың денесінің тырысуы тағы да байқалды. Cондықтан толық қарап шығу үшін Ақжүністі психоневрологиялық бөлімшеге жатқыздық. Қазір бала қажетті емін алып жатыр, жағдайы да тұрақты.
Дәрігерлер дененің тырысуы жасөспірімдердердің ағзасындағы гормоналдық өзгеріс кезінде жиі кездесетін жайт деп отыр. Бірақ оған ұрыс-керістің де әсер ететінін теріске шығармайды. Мұғалімдерінің айтуынша, Ақжүніс үздіктердің қатарында, қақ-соқпен де ісі жоқ. Сондықтан жанжалдың болуы тіпті мүмкін емес көрінеді. Бірақ ашулы ата-ана өз айтқандарын дәлелдеу үшін құзырлы орындардың көмегіне жүгініп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары