Смақов «Ақтөбе» клубындағы қаржылық қиындықтар туралы айтты
«Ақтөбе» футбол клубы қарызға белшеден батып отыр. Егер ондағылар берешегінен құтылмаса жақын арада банкрот болуы мүмкін.
Автор: Жаңалық Ахаш
12.03.2018
Спорттағы карьерасын тастап, «Ақтөбені» басқаруды өз қолына алған Самат Смақовтың басы қатып жүрген сияқты. Қазір ол демеушілер іздеп шарқ ұруда. Өйткені УЕФА шешімімен негізгі құрам ойынға қатыса алмай отыр. Десе де, команданың қосалқы құрамындағы жастар жарап тұр. Олар кеше ғана қызылордалық «Қайсармен» кездесіп, 1 де 0 есебімен жеңіске жетті. Самат Смақовтың айтуынша, клубтың қарызы 2014 жылдан бері жиналып қалған. Былтыр тіпті мұнда футболшылардан бастап, бірде-бір қызметкері жыл бойы жалақы алмапты. Ал ақша жеді деп айыпталып, ақыры ақталып шыққан Дмитрий Васиельевке де еңбегінің ақысын төлеу қажет. Бұдан өзге айлық алмаған бірнеше футболшы ФИФА шешімімен ақшасын даулаған. «Ақтөбе» футбол клубының есеп-шоты бұғатталғандықтан, бразилиялық Витор Жуниорға жалақы үшін берешегін Смақов таныс-тамырларынан жинады. Ал қазынадан бөлінген қаражат жыртықты жамуаға келмейді деп отыр.
Сара Амангелдиева, Ақтөбе облыстық спорт басқармасының баспасөз хатшысы:
-Футболшылармен келісім-шарт доллармен жасалған болды. Сондықтан сол себепті қазір қарыз мәселесі бары екенін мойындаймыз. Бірақ қазір сот процессі жүргізіліп жатыр. Сол соттың шешімі бойынша барлық қарыздар төленеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!