Елімізде әскерге шақыртылған жігіттердің жүйке жүйесі тозған
Биыл әскер қатарына шақыртылған жастардың төрттен бірі жарамсыз. Көбі ауру-сырқау. Ел қорғайды деген жастардың арасында омыртқасы қисайған, жүйкесі тозған немесе көзі көрмейтіндер көп. Ал Қорғаныс министрлігі әскеріміз сапалы, ешкім әскерден қашпайды деп өздеріне шаң жуытпайды.
Автор: Ербол Тұрымбет
12.03.2018
Жалпы биыл әскер қатарына шақырылған жастардың саны 35 мыңнан асады. Соның 17 мыңнан астамы осы көктемде әскерге баруы керек. Бірақ, олардың нақты саны тек медициналық тексеруден кейін ғана белгілі болмақ. Өйткені, денсаулық жағдайына байланысты қалып қоятындар аз емес екен. Медициналық тексеру қару ұстауға жарайтындардың санын ғана емес, жапы жастардың денсаулығын анықтауға мүмкіндік береді. Яғни, көз-құлағы мен дене бітімін толық тексеріп, бойы мен салмағына дейін өлшеп береді.
Осыдан аман өткендері біздің әскеріміздің отыз пайызын ғана толтырады екен. Өйткені, әскеріміздің 70 пайызы кәсіби жауынгерлермен жасақталып қойған. Ал ондағы бір сарбазды жылдық қамтамасыз етуге 1 миллион теңгеден астам жұмсайды. Ал биылға шамамен 60 миллиард теңге арнап отыр екен.
Ғани Артықов, Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, тәрбие және идеологиялық жұмыстар бөлімінің бастығы:
-Сержанттар мен қатардағы жауынгерлердің құрамы 70 пайыздан астамы кәсіби, нағыз әскери мамандармен жасақталса, қалған 30 пайызына дейін біз мерзімді әскери қызметке шақырылатын жастармен толықтыру жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Демек, біздің әскеріміз нағыз кәсіби, жоғары деңгейде дайындалған жақсы мамандандырылған әскер болғандықтан, жылдағы келетін жылдағы келетін жастарымыз 30 пайыз.
Әскерге шақырылғандардың арасында ауру-сырқаулар тым көбейіп барады. Денсаулығын тексере келгенде кем дегенде төрттен бірі әскер қатарына жарамайтын болып шығады екен. Солардың арасында ең көп кездесетіні хирургиялық аурулар болып отыр. Атап айтқанда, омыртқалары қиық болып шығады. Немесе сүйектері сынып, онысы дұрыс бітпей қалғандары да жетерлік екен. Терапиялық аурулар да аз емес. Қолына қару алып, ел қорғағысы келетіндердің біразының жүйкесі сыр берген, миы шайқалған. Онысын әскери бөлімшеде медициналық тексеруден өткенде бір-ақ біліп жатады дейді мамандар.
Талғат Сейітжанов, Қарағанды облыстық қорғаныс істері басқармасының медициналық қызмет басшысы:
-Жиі кездесетін терапиялық аурулар. Одан кейін балалардың көп жарақат алуы. Мидың шайқалуы, көп кездеседі. Кейінгі жылдары көз аурулары көп кездесіп жатыр. Көбісі диагноздарын осы военкоматқа келіп анықтап жатыр.
Әйтсе де әскерге барғысы келетіндер саны азаймай отыр екен. Мәселен, бір Қарағанды облысының өзінен биыл мың жарым жас өрім аттанғалы отыр. Бұл меже жыл сайын сақталып келеді екен. Барлығының да туған еліме қызмет етсем деген арманы асқақтап тұр. Қарағанды облысында әскерге шақыртылғандардың алғашқы легі 3 күннен кейін аттанатын болады. Ал Республика бойынша 1991 – 2000 мыңыншы жылдар аралығында туған 18 мыңға жуық жасөспірім күзгі шақырылымға қалады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!