Шенеуніктер Өскеменді топан су басуын табиғаттан көрді
Осы Шығыс Қазақстан облысының орталығы – Өскемен мен оның төңірегіндегі елді мекендерді де су басып жатыр. Жауапты мекеме өкілдері мұны толассыз жауған жаңбырдан көріп отыр. Бұл өңірде қызыл су кірген 70 шақты үйден 400 адам қауіпсіз жерге шығарылды.
Автор: Гүлмира Тасболатқызы
12.03.2018
Өскеменнің шетінде тұратын Голубевтер отбасы күніміз енді не болады дейді. Аяқ асты кірген су жертөледегі азық түліктің бәрін жеуге жарамсыз еткен. Су тиген жихаздың да қолға ұстайтын дүние болуы екіталай. Бірақ ең қауіптісі – үйдің сыз тартқан қабырғасы қақырай бастапты.
Галина Голубева, Красино ауылының тұрғыны:
-Бәрі құрыды. Қабырға да құлайды енді. Үй сабаннан салынған. Жиһаздың бәрі су болды, көрпе төсегіміз де ылғал. Тіпті шкафта тұрған киімімізге дейін сыз тартып тұр.
Өскеменнің өзі де оңып тұрған жоқ. Орталық көшелердің бәрі су астында. Шаһардың коммуналдық қызмет өкілдері арықтарды тазалап, суды арнайы техниканың көмегімен сорып алып жатыр. Төтенше жағдай қызметі мәліметіне сай облыс бойынша 70 шақты үйге қызыл су кіріп, 400 адам қауіпсіз жерге шығарылған. Әсіресе, Глубокое, Аягөз бен Ұлан аудандарындағы жағдай тым мүшкіл. Күре жолдардың денін су басып, бүтін бір ауылдар араларда қалғандай күй кешуде. Қазір Ұлан ауданындағы көпірді де су шайып кету қаупі бар дейді мамандар.
Александр Ломыгин, ШҚО ТЖД бастығының орынбасары:
-Су басқан өңірлердің бәрінде біздің қызметкерлер күні-түні кезекшілік атқаруда. Қолдан келген шараларды атқарып жатырмыз. Жұртты қауіпсіз жерге көшірдік, олардың дүние-мүлкін сақтап қалуға тырысамыз. Ең бастысы, әрине, адам шығынына жол бермеу.
Ауа райының қолайсыздығынан өңір мектептеріндегі сабақтар да түгел тоқтатылды. Бүгін таңертең аймақта күн суытып, аздап қар жауғанымен, су қарқыны басылған жоқ. Өскеменде эвакуацияланған жұртқа арналған бірнеше нысан дайындалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!