Ақтөбеде қыздарынан орамалын шештірмеген ата-аналар жаппай жазаланып жатыр
Ақтөбеде оқушы қызының орамалын мектепте шешуге қарсы болған 18 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Енді олардың әрқайсысы заңды орындамағын үшін 12 мың теңге айыппұл төлеуі тиіс. Қазір бұл аймақта мектеп формасын сақтамағаны үшін жетпістен астам оқушы сабаққа бара алмай жүр. Мұғалімдер ол балалардың ережені елемесе жоғарғы сыныпқа көшпейтінін айтады.
Автор: Жаңалық Ахаш
13.03.2018
Ерұлан Есенбаевтың екі қызы жаңа жылдан бері үйінде оқып жатыр. Орамал таққан қос бүлдіршінді мектеп формасын сақтамағаны үшін мектепке жолатпайды. Әкесі де мұғалімдердің талабына көнгісі жоқ. Сондықтан маман жалдап, оқу бағдарламасынан қалмаудың қамын жасап жүр. Дегенмен, партаға отырмаған оқушының келер жылы жоғарғы сыныпқа көшпейтінін естігенде ғана алаңдай бастапты.
Ерұлан Есенбаев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Үшінші тоқсан кіргізген жоқ. Күні кеше екі завуч, мектептің директоры да келген. Шешпесе орнында қалдырамыз деді.
Ерұланның екі қызы сияқты жаңа оқу жылы басында аймақта төрт жүзге жуық оқушы сабаққа басын орап, бетін бүркемелеп келген еді. Дегенмен, мұғалімдер қазіргі жағдайға шүкіршілік етіп отыр. Өйткені олардың жартысынан көбі орамалды шешіп, мектеп формасына ауысқан. Тек 72 ата-ананы әзірге райынан қайтара алмай жүр. Үлкендердің қырсықтығынан балалары да екі тоқсан бойы сабаққа бармаған. Енді құзырлы органдар оларды әкімшілік жазаға тартуда.
Жанат Мұхамбеталина, Ақтөбе облыстық білім саласын бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы:
-Қазіргі таңда 18 ата-анаға қатысты іс материалдарын әкімшілік, құқық бұзушылық бойынша қарады. Қазір шараларын алды. Осы 18 ата-анаға қатысты әкімшілік іс негізінде 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
Білім басқармасындағылар енді ережені сақтамаса орамал таққан оқушыны жоғары сыныпқа көшіре алмайтынын айтады. Ондаған ата-ана орамалға байланысты баласын сабаққа кіргізбеген мектеп директорларын сотқа да берген. Бірақ ешқайсының арызы қанағаттандырылмады.
Ләззат Оразбаева, Ақтөбе облыстық білім басқармасының басшысы:
- Бұл жерде заң бұзылып тұрған жоқ. Бұл жерде құқықтық актіні, бұйрықты сол балаларға жауапты ата-ана орындауға міндетті. Осы міндетті біздің ата-аналар орындамай отыр.
Әкімшілік жауапкершілікке тартылғандардың арасынан бес ата-ана қазір айыппұл төлеп, қыздарын мектепке орамалсыз жіберуге келіскен. Егер өзгелері райынан қайтпаса сотқа жүгініп, комиссияның қарауына жіберуге мәжбүр боламыз дейді мұғалімдер.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!