Ақтөбеде облыстық әкімдік алдында оқ атқандарға іздеу жарияланды
Ақтөбенің қақ ортасында атыс болды. Белгісіз біреулер травматикалық тапаншадан оқ атып, 25 жастағы жігітті жаралаған. Сол бойда олар із жасырып үлгеріпті. Қазір тәртіп сақшылары қала бойынша оларды іздеп жатыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
13.03.2018
-Оқиға Ақтөбенің қақ ортасындағы Абай даңғылында болған. Бұл жер дәл облыстық әкімдік пен аймақтағы «Нұр Отан» партиясының ғимаратына көршілес.
Травматикалық тапаншамен қаруланған адамдар таң атпай супермаркет жанында оқ атады. Олардың саны қанша болғанын тәртіп сақшылары нақты айта алмай отыр. Дегенмен, сол маңда болған 25 жастағы жігітті жаралаған. Қылмыскерлер жедел із жасырып үлгеріпті. Оларды қала бойынша іздеп жатыр. Ішкі істер департаменті өкілдері сондай-ақ тұрғындардан да көмек сұрауда. Көрген-білген адамдар болса 102, немесе Ақтөбенің кодын теріп 55-78-24, 729-601 телефондарына хабарласса дейді.
Ерболат Сарқұлов, Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
-Абай даңғылындағы супермартке дүкені маңында белгісіз біреу 25 жастағы Ақтөбе қаласының тұрғынына травматикалық тапаншадан оқ атты. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот алды тергеу амалдары басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Осы қылмысты ашу бойынша жұмыстар атқалырып жатыр.
Ол жігітті облыстық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасына жеткізіп, ота жасаған. Дәрігерлер оның беті бері қарап, қазір жағдайының түзелгенін айтады. Травматикалық тапаншадан атылған оқ оның кеудесі мен ішіне тиген. Резеңке оқ болса да жақыннан көздепті. Сондықтан жарақаты да ауырлау болды. Дегенмен, дәл қазір алаңдауға еш негіз жоқ дейді мамандар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!