«7-20-25» Ипотека алу үшін тұрақты жалақы болу керек
Жаңа ипотекалық бағдарламамен үй алғысы келетіндердің тұрақты жалақысы болуы керек. Ипотека алған жағдайда оның несиесін өтей алатындай жағдайы бар ма? Банктер оған да қарайды. Бүгін «7-20-25» бағдарламасының жұмыс істеу тәртібі белгілі болды. Ұлттық банк осылай Президент тапсырмасын орындауға кірісіп жатса, Үкіметтегілер тұрғын үй құрылысы нарығының тұралап қалғанын айтып жатыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
13.03.2018
Премьер-министрдің айтуынша, құрылыс саласының өсім қарқыны соңғы екі айда 4,5 пайызға төмендеген. Әсіресе, оңтүстік өңірлерде қатты байқалып отыр екен. Оны жандандыру үшін өңірлер алақан жайып, Үкіметтен ақша сұрайды. Сол арқылы тендер ойнатылып, құрылысқа қан жүгіреді. Бірақ, бұл әдісті жақтамаған Бақытжан Сағынтаев өңір басшыларын сынға алды. Премьер-министрдің айтуынша, құрылысын мандыта алмай, қол қусырып отырған әкімдер өткен жылғы деректерін айтып, ауызды ысып келеді екен.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР премьер-министрі:
-Алматы облысы, Жамбыл облысы, Қызылорда облысы және де Солтүстік Қазақстан өңірлерінде бүгінге дейін бір де бір тұрғын үй іске қосылмаған. Бұл деген сөз база жоқ деген сөз. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша өтпелі деп айтамыз ғой, үйлер жоқ деген сөз.
Жобаның басты жеңілдігі ол несиенің арзандығы. Үкімет мүшелері әзірлеген Жол картасында жаңа ипотекалық бағдарламаның негізгі қаңқасы құрастырылған. Жалпы жобаны жүзеге асыратын оператор ретінде жаңа компания құрылады. Оның капиталы – 1 триллион теңге Ұлттық банк есебінен жасақталмақ. Триллион теңге екінші деңгейлі банктерге үлестіріледі де ол жұртқа арзан нисие болып берілуі тиіс. Соның арқасында екінші деңгейлі банктер жыл сайын 50 миллиард теңге көлемінде ипотекалық несие таратып келсе, ол енді екі еселенбек. Яғни, жұрт несиеге қарық болады деген сөз.
Алайда, жаңа бағдарламамен үй алатын адамның төлем қабілеті жіті тексеріледі. Ол үшін тұрақты жалақысы болуы керек. Мәселен, 7 миллион теңге тұратын үйді алу үшін 25 жыл бойы айына 50 мың теңге төлеп тұру керек болады. Ал үйдің құны 10 миллион теңге болса, айлық төлемақы 70 мың теңгені құрайды.
Олег Смоляков, Ұлттық Банк төрағасының орынбасары:
-Бағдарламаның толық жүзеге асуы үшін заң арқылы бірқатар нақтылау шаралары керек болып тұр. Сондықтан, осы түзетулеріміз қабылданса, жаз ортасына дейін құжаттамаларды түгел тәмамдап, келесі жартыжылдықта жаңа бағдарламамен несиелер бере бастаймыз.
Бірақ, бұл жоба әлі өзгеруі мүмкін. Өйткені, Ұлттық банк оны тек жоба күйінде ұсынып отыр. Жоба банктермен, жергілікті атқарушы органдармен келісілу керек.Яғни, әлі шаруасы көп.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!