Оңтүстік Қазақстанда зорланды деген балаға қатысты дау билік өкілдерін де аяғынан тік тұрғызды
Мәжіліс депутаты, бала құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева бала мен әжесін Астанаға алдыртпақшы. Бұл жағдай қоғамда қызу талқыға түсіп, «бала зорланбады» деген сараптамаға ел сенбестік танытқан соң кешенді тексеруден өткізбекші.
Автор: Бек Әбиев
14.03.2018
Зағипа Балиева, Мәжіліс депутаты:
-Қазір мен Денсаулық министрімен және басқа министрлікпен ақылдасып, баланы келесі аптада Астанаға әкеліп, кешенді экспертизадан өткіземіз. Себебі, көбісі бұған дейін жасалған экспертизаға сенбейді.
Балиева ханым Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің бастығына өтініш айтып, оны бала және әжесімен жеке сөйлестірмекші екен. Екінші мәрте тағайындалған сараптаманың қортындысы Нұрсұлтанның зорланғанын растаса, оған жол берген білім саласының басшылары мен аймақтық полицейлердің басы кетері анық. Зағипа Балиева сарыағаштық баланың мәселесін көтерген тілшілер мен жанашырларға да рахмет айтқан. Ал оңтүстіктің шенеуніктері керісінше Нұрсұлтанның жағдайын жариялағандарға шүйлікті. Шымкентте БАҚ өкілдерін жинаған бір топ атқамінер «зорлады» деген оқушыларды қызғыштай қорғап, бұл оқиғаны қозғай бермеуді сұрады.
Бауыржан Майрихов, Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы:
-Нұрсұлтанның былай айтқанда 1 сынып оқушысы біздің келешегіміз Қазақстанның келешегі. Мына істің барлығы тоқталып, аяқталып, сараптама қортындысы шықпай жатып, интернет желілеріне шығару, болмаса БАҚ-қа жариялау бұл дегеніңіз енді өзіміздің келешегімізге балта шауып жатқан сияқтымыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!