Тікелей эфир: Жергілікті полиция қызметі жұмысын тоқтатын болды
Мерзімінен бұрын босап шыққан сотталушылар спирттік ішімдік ішсе, қайта түрмеге тоғытылады. Ішкі істер министрлігі заңға осындай өзгеріс енгізіп, бүгін Мәжіліске алып келді. Депутаттар бұл құжатты бірінші оқылымда мақұлдады. Сонымен қатар үлкен даудан соң жергілікті полиция қызметі ақыры тарап тынды. Енді оның орнына жаңадан полиция департаменті құрылмақ. Мақтауы асырылған реформаның құрдымға кетуіне не себеп?
Автор: Жәудір Оразхан
14.03.2018
-Екі жыл бұрын ғана жасақталған жергілікті полиция сенімді ақтамады ма? Жаңа департамент құру не үшін қажет болыпты?
Жергілікті полиция басшылары мен Ішкі істер басқармасы басшылары арасында жік шыққан . Яғни, екі мекеменің тізігін ұстап отырған адамдар бір-біріне бағынғысы келмеген. Қызметтік кикілжің жиілеп кеткен соң, Ішкі істер министрлігі амалсыз полицейлерді қайта біріктірмек.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер вице-министрі:
-Жергілікті полиция және ішкі істер органдарының басқармаларының арасында қайшылық фактілер де орын алды. Жергілікті полиция бөлімдер арасында жасырын қақтығыстар болған. Тіпті ауданның бастықтарының облыстық, жергілікті полиция басшыларына бағынбаған фактілер болған. Осындай жағдай Президент әкімшілігінің тексеру кезінде де расталған. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында.
Сондықтан, жаңадан полиция департаменті құрылады. Оған жергілікті полиция бөлімше ретінде қосылады. Департаменттің басшысын облыс әкімі Ішкі істер министрімен келісіп тағайындайды. Депутатар билігі күшейген аймақ басшылары қылмыстық іске араласып, тергеуге ықпал ете ме деп күмәнданып отыр. Яғни, бұрын тек жергілікті полицияға сөзі жүретін әкімдерге енді полиция департаменті басшысы да бағынатын болады.
Әбдіманап Бектұрғанов, Мәжіліс депутаты:
-Лауазымынан бостау құқығы берілген облыстың әкімі полиция жұмысына араласып отырады деген қауіп туындайды. Полиция департаменті Ішкі істер министрлігіне және әкімдікке қатысыты құзыретінің қалай шектелетінін нақтылап айтып берсеңіз?
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер вице-министрі:
-Тергеу жұмысы, криминалдық полицияның жұмысына араласпайды. Екі жыл бізде практика болды ғой. Жергілікті полиция болды. Әкімдер кіріспейді ондайға. Кодексте бар ғой, сонда бәрі жазылған. Прокурор мен сот қана. Әкім ол жақта жоқ.
Елімізде 35 мың жергілікті полицей бар екен. Бұрын жергілікті полицейлердің басшыларын әкім тағайындайтын, ал департамент басшысын Ішкі Істер министрі таңдайтын.
-Енді мерзімінен бұрын босап шыққан сотталушыларға келсек. Сонда оларға спирттік ішімдік ішуге мүлдем тыйым салына ма?
Иә, жаңа заң күшіне енгеннен кейін түрмеден мерзімінен бұрын босап шыққандар араққа жоламауы тиіс. Егер сақшы оларды мас күйде көрсе, үш рет ескерту жасайды. Шектен шыққандарға қатысты қылмыстық іс қозғалады. Тіпті түрмеге қайта тоғытылуы әбден мүмкін. Біз бостандықта жүрген сотталушыларды қалай бақылайтындарын сұрап едік, Ішкі істер вице-министрінің ақпарат алатын адамдары дайын екен.
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер вице-министрі:
-Көршілер бар ғой. Айтады ғой, мынау сотталған көршіміз бар. Міне, екі-үш күн болды, арақ ішіп алып жатыр.
Негізі, бостандықта жүрген сотталушыларға түнде сыртқа шығуға, рұқсатсыз шекара асуға тыймы салынған. Сондай-ақ, Ішкі істер министрлігі әкімшілік заң бұзғандарды қамау уақытын 3 сағаттан 24 сағатқа ұзартпақ. Өйткені, мәселен, араққа тойып алып, отбасында ойран салған адамды үш сағат темір торда ұсап, кейін үйіне жібергеннен еш пайда жоқ дейді сақышлар. Бөлімшеден шыққанда әлі мастығы тарқамаған азаматтар үйіне барып, қайта қырғынға басады, тіпті, әйелін өлтірген оқиғалар да болған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!