Аягөзде баспанасы қирап қалған жұрт әкімдіктің табалдырығын тоздырып жүр
Аягөздегі су тасқынын тылсым күшке теңеді! Апаттың орын алғанына арада бақандай төрт күн өтсе де себебі əлі күнге дейін беймəлім боп тұр. Жүзден астам отбасыны баспанасыз қалдырған топан суды алғашқыда жауыннан көрген шенеуніктер енді бар кінəні табиғаттың тылсым күшіне артуда. Ал аласапыраннан əрең дегенде аман қалған жұрттың жайы тіпті жан ауыртарлық. Баспанасы сумен ағып кеткен тұрғындар бала-шағасымен əр жерді паналап, əкімдіктің табалдырығында жүр.
Автор: Аруна Ортай
14.03.2018
Топан судан зардап шеккен тұрғындар қазір жергілікті мектеп интернатын паналаған. Шиеттей бала-шағасын ерттеген отбасылар үш күннен бері оқу орны ішінде ұйықтап, осында тамақтанған.
Меруерт Молдожанова, Аягөз қаласының тұрғыны:
-Бес баламен далада қалдық. Мен мысалы жұмысқа кетсем бес баламның аман қалатынына кепілдік ешкім бере алмайды. Сондықтан да өкіметтің қолына өтейік дедік.
Ал үй-жайсыз қалған жұртқа жаны ашыған қайырымды жандар оларға арнап жылы киім, ішер тамағын сəт сайын əкеліп беріп жатыр. Көбі сырт киім. Өйткені, топан судан қашқан жұрттың көбі үстіне қалың киім киместен үйінен шығып кеткен.
Жасұлан Балтабекұлы, Аягөз қалалық политехникалық колледж мұғалімі:
-Міне қыздардың киімдері, көйлектері.. Әртүрлі киімдер алып келдік шамамыз жеткенше, етіктер, жаңа тондар. Енді шамамыз келгенше киімдер әкеліп жатырмыз.
Бірінші күні мұнда 39 адам пана іздеп келген екен. Қазір интернатта тұрып жатқан халықтың саны жүзге жеткен. Көбі балалар. Ең кішкентайы 6 айлық. Əлі де көмек сұрап келіп жатқандар баршылық. Ал басты сұрақ - апаттың себебі арада төрт күн өтсе де əлі беймəлім боп қалуда. Тосыннан келген суды алғашқыда табиғи апат деп атағандар енді оны тылсым күш деп таңғалдырып отыр.
Жұмағали Дүйсембаев, Аягөз қаласының əкімі:
-Бұл бір құпия тылсым болып тұр, қазір енді аудан басшысы бар. Төтенше жағдайдың адамдары бар тікұшақпен ұшып, сол кезде анықталады. Мүмкін таудың ішінде, бірдеме болған...
Атқамінерлер əлдеқайдағы таудағы тылсым күшті іздеп жүргенде қарапайым халық қаражат жинау қамына кірісіп те кетті. Əзірге жиналған ақшаның қанша екені белгісіз, бірақ қаржы баспана алуға жұмсалмақшы бірінші.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!