Қуандық Бишімбаевтың әйелі сот үкіміне қатысты мәлімдеме жасады
Бүгін ірі көлемде пара алды, бюджет ақшасын жеген бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев 10 жылға сотталды! Сонымен қатар Бишімбаевтың жымқырған ақшасына салынған Қосшыдағы зәулім коттеджі мемлекет меншігіне өтті. Мақтаулы "Болашақтың" түлегі, Үкіметтегі ең жас министр болған Бишімбаевтың саяси карьерасына осылайша соңғы нүкте қойылды.
Автор: Досжан Маратұлы
14.03.2018
Жалпы қылмыстық іс бойынша үкімді тыңдауға келгендердің қарасы көп. Тіпті қаумалаған адамдар залдағы орындарға таласып, сыймай қалды. Олар Бишімбаев пен өзге де айыпталушыларды қолдауға келген туыс, таныстары мен әріптестері. Экс-министрдің әкесі мен анасы да бүгін ұлдарын қолдай келген. Ал, судья көпке сөзбады, келіп бірден үкімді оқыды.
Әділхан Шайхислам, судья:
-Қуандық Бишімбаев кінәлі деп танылып, 10 жылға абақтыға жабылсын. Жазасын қатаң тәртіптегі колонияда өтейді. Және қылмыстық жолмен келген барлық дүние мүлкі тәркіленсін. Мерзім қамауға алынғаннан бастап есепке алынады.
Үкім бойынша, экс-министрдің Астана іргесіндегі Қосшы ауылында тұрғызылған екі қабатты ағаш үй мемлекет меншігіне өтті. Өйткені, сауна, бильярды бар аңшылық стилдегі осы зәулім коттедж Бишімбаевтың жеке нұсқауымен параға салынғаны сотта дәлелденді. Есесіне судья тергеуге байланысты бұғатталып тұрған министрдің есеп шоттарын, элиталық пәтерлері мен қымбат мерседес көлігін отбасына қайтарып берді. Экс-министрмен бірге тағы 22 адамға үкім шықты. Олар кәсіпкерлер, топ-менеджерлер мен шенеуніктер. Негізі сот оларға аса ауыр жаза тағайындаған жоқ. Өйткені, олар кінәларын мойындап, тергеуге көмектескен.
Тек, Бишімбаев секілді кінәсін мойындамаған, оның бауыры Сұлтан Нұрлыбек «пара тасымалдағаны» үшін 7-і жылға абақтыға жабылды. Қалғандары 1 жылдан 4 жылға, кейбірі айыппұлмен құтылды. Мәселен, «пара алды» деп айыпталған «Бәйтерек девелопменттің» бұрынғы басқарма төрағасы Бақыт Жақсыбаев 4 жылға, оның орынбасары мәжілісмен Қабиболла Жақыповтың ұлы Аслан Жақыпов 2 жарым жылға сотталды.
Әрі олардың да дүние мүлкі тәркіленіп, өмір бойы мемлекеттік қызметте істеуге тыйым салынды.
Қуандық Бишімбаевтың өзі үкіммен мүлдем келіскен жоқ. Олар әдеттегідей, экс-министрге жала жабылғанын айтып отыр. Тіпті, Бишімбаевтың әйелі бүгін күйеуінің ақталып шығатынына сенімді болыпты.
Назым Бишімбаев, Қ.Бишімбаевтың әйелі:
-Күйеуімнің кінәсін дәлелдейтін мүлдем айғақ болған жоқ. Барлығы болжам ғана. Тек, бірнеше адамның куәлік етуімен ғана сотталып кетті. Оның үстіне 10 жыл деген тым ауыр жаза. Біз міндетті түрде аппеляциялық шағым түсіреміз.
Негізі Қуандық Бишімбаев былтыр жыл басында қамауға алынған болатын. Бұрынғы Ұлттық экономика министріне, «Бәйтерек» холдингін басқарып тұрған кезде мемлекеттік "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша тұрғын үй салатын жеке компаниялардан шамамен 370 миллион теңге пара алған. Одан соң, Қызылордадағы шыны зауытын салатын құрылыс фирмасынан 2 миллион доллар ауызбастырық алып, артынша құрылысынан тағы 1 миллиард 200 миллион теңге жеген. Іс 10 ай тергеліп, сот процесінің өзі төрт айдан астам уақыт өтті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!