{metadescription}
Ақтөбеде күйеуінен таяқ жеген келіншектер мұңын шақты
Ақтөбеде күйеуінен таяқ жеген келіншектер мұңын шақты

Ақтөбеде күйеуінен таяқ жеген келіншектер мұңын шақты

Күйеуінен таяқ жегендер енді үнсіз отырмақ емес. Ақтөбеде жұбайының соққысына жығылғанын полицейлерге ашып айтатын әйелдердің қатары артқан. Тәртіп сақшыларының айтуынша, жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған 500-ден аса келіншек олардың көмегіне жүгінген. Десе де, істі сотқа дейін жеткізбей адуынды күйеуін аяқасты кешіріп жататын әйелдер бар екен.

39 жастағы Гүлсім Жиенбаева бес жылдан бері күйеуінің соққысынан көз ашпағанын айтады. Бірінші некедегі күйеуі маскүнем болса, екіншісі ішпей-жемей ұруды әдетіне айналдырыпты. Соңғы рет көк ала қойдай сабаған ол тіпті балалардың көзінше пышақ ала жүгірген. Сосын әйелін ұлымен қоса үйінен қуып жіберіпті.

Гүлсім Жиенбаева:

-Пышақпен бірінші ұрды,содан кейін үстелге жатқызып алып шашымнан ұстап, құлағымнан ұрды. Баламды итерді. Баламмен үйден қуып шықты.

Бұдан кейін Ақтөбеге жеткен әйел төрт айдан бері осында тұрып келеді. Ауылда қалған адуынды күйеуі болса хабарласып, балаларды тартып аламын деп қорқытатын көрінеді. Іске полицейлер араласқан кейін ғана келіншек үйде қалған екі баласын облыс орталығына алып кеткен. Қазір олар арнайы орталықта ем-дом қабылдап жатыр. Гүлсімнің өзі уақытша пана берген кәсіпкер азаматтың мейрамханасында еден жуып нәпақасын тауып жүр. Бірақ алдағы уақытта барар жер, басар тауым жоқ дейді.

Гүлсім Жиенбаева:

-Баратын жерім жоқ, еш жерге бара алмаймын. Арыз да жаза алмаймын. Өзім сегіз бітіргенмін. Сауатым шамалы. Жазуымда не. Әке-шешем жоқ.

Полицейдердің айтуынша, өңірде Гүлсім сияқты нәзік жандылардың саны артқан. Алайда көп жағдайда олар отбасын сақтап қалу үшін зорлық-зомбылыққа көнеді екен. Десе де, соңғы кезде мұндай жағдайға ұшырап, полицейлердің көмегіне жүгінетін әйелдер көбейген. Мәселен, жыл басынан бері күйеуінен оңбай таяқ жеген 564 азамат тіркеліпті. Олар бәрін тәртіп сақшыларына айтып берген. Былтыр бір жылда ғана осынша көрсеткіштің болғанын айтқан шенділер басқаларға да мұндай қылмысты жасырмауға кеңес береді.

Нұргүл Жолдыбаева, Ақтөбе қаласы ювеналдық полиция тобының аға инспекторы:

- Осындай әйел адамдарға біз әртүрлі құқықтық көмектер көрсетеміз. Өзінің құқығын түсіндіреміз. Қорықпай және де ондай тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көнбеу керек.

Қазір өңірде тұрмыстық зомбылықтың алдын алу мақсатында «Зорлық-зомбылықсыз үй» акциясы өтіп жатыр. Тәртіп сақшыларымен қоса, психолог мамандар да нәзік жандылармен түсіндерме жұмыстарын жүргізуде. Ал әзірге уақытша пана тапқан Гүлсім Жиенбаева енді кішкентай балаларының тағдырына алаңдаулы. Бұл отбасы үшін полицейлердің жергілікті билік өкілдерінен көмек сұрағанын айта кетейік. Өйткені 30 мың теңге жалақы алатын әйелдің бұл сомамен алысқа бармайтыны анық.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде