{metadescription}
Ақмола облысында жағымсыз иіске тұншыққан тұрғындар шу шығарды
Ақмола облысында жағымсыз иіске тұншыққан тұрғындар шу шығарды

Ақмола облысында жағымсыз иіске тұншыққан тұрғындар шу шығарды

Ақмола облысындағы Гранитный кентінің тұрғындары коммуналдық қызметке қатысты түйткілдерден көз аша алар емес. Жылу мәселесі шешілгендей болып еді, енді кәріз құдығынан сыртқа аққан нәжістен аяқ алып жүру қиындаған. Шайындылар тіпті аулада мұз болып қатып, көктайғаққа айналып жатыр. Сондықтан балалар жылу құбырының үстінен жүріп өтіп, мектепке қатынап жүр екен.

Үйден шыға салып, кәріз құдығынан аққан шайынды суға талай жығылып құлаған жұрт кімнен көмек сұрарын білмей дал болған. Дәретханалардан сырттағы кәріз құдығына құйылған лай ары қарай өтпей, сыртқа үздіксіз ағып жатыр. Көктайғаққа айналған сап-сары суды бүгін аздап қар жауып көзден жасырғаны болмаса, аяқ киіммен үйге кіріп иістен басымыз айналатын болды дейді ашынған жұрт.

Марал Жүсіпбекова, Гранитный кентінің тұрғыны:

-Мына нәжісті ағып жатқанына  1 айдай болды. Ешқандай шара қолданылмайды. Әкімнің өзі келіп көрді.  Тосыңдар дейді. Қашанғы тосасың? Балалар жүретін жер жоқ.

Балалар да бұдан айналып өтудің әдісін біліп алған. Мектепке бару үшін жылу құбырларына шығып, амалдайды екен. Бірақ кәріз құдығынан ағылған нәжіс ауланы түгел жайлағандықтан бәрібір аяқтарын малып алады дейді ата-аналары. Бұл жағдай осы маңдағы 2 қабатты 4 үй тұрғындарының бас ауруына айналған. Ал осы кәріз құбыры жекеменшік «Ардагер-Неруд» серіктестігінің балансында екен. Гранитныйдың 500 тұрғыны коммуналдық қызмет үшін кісі басына 90 теңгеден осы компанияға төлейді.

Серік Сабыров, Қонысбай ауылдық аймағының әкімі:

-Біз олармен сөйлесіп жатырмыз. Су желісін өзімдің балансқа алғымыз келеді.

Ал «Ардагер-Нерудтағылар» кәріз жүйесін әкімдікке қазір беруге дайынбыз дейді.

Жұмабек Әбілов, «Ардагер-Неруд» ЖШС қызметкері:

-Мұның бәрін берейік көп жылдан көтеріліп келе жатыр.  Қай кезге дейін күту керек, оны білмейміз.

Өйткені жеке компания коммуналдық қызметке қаржы салуға құлықсыз. Егер құбырлар әкімдік құзырына берілсе, мәселе де шешілер еді. Жөндеу жұмыстарына ақша бөлініп, әбден тозығы жеткен желіні біртіндеп жаңалауға болар еді деп отыр тұрғындар да. Бірақ шенеуніктер бұл тұрғыда асығатын емес.

-Жекеменшік компания мен жергілікті әкімдік кәріз жүйесі мәселесін бір біріне сілтеп отырғанда, тұрғындар сасық иіске тұншығып өлетін түріміз бар,- дейді. Күн жылына жағдай тіпті қиындауы мүмкін. Жұрт қолқаны жаратын иістің кесірінен қазірдің өзінде терезесін аша алмайды екен.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде