ОҚО-да "зорланған" бала дауынан соң Түймебаев жауаптыларды жаппай жұмыстан қуды
Оңтүстік Қазақстанда зорланды деген балаға қатысты жанжал сәт сайын үдеп барады. Кеше ғана бірінші сараптама жеткіншектің зорланбағанын дәлелдеді деп, екінші сараптаманың қорытындысын күтуді сұраған шенеуніктер енді жаппай жазалануда. Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев шұғыл жиын өткізіп, күнгейдің біршама шенді-шекпендінің біразын орнынан босатса, біразына сөгіс жариялады. Әсіресе, өңір басшысы әкімдер мен полицейлерді оңдырмады.
Автор: Бек Әбиев
15.03.2018
Өңірдің ығай мен сығайы қатысқан жиынға асығыс кірген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бірден қоластындағыларға шүйлікті. Басшының айтуынша Сарыағаш ауданындағы білім мен тәрбие, құқық қорғау салаларында кемшіліктер шаш етектен. Залдағы ақжағалыларды шетінен тұрғызып, былтырдан бері мәселеге атүсті қарап, дер кезінде шара қолданбаған шенеуніктерді жазалауға көшті. Бірінші болып, өзінің орынбасары Ұласбек Сәдібековке қатаң ескерту жасап, ары қарай Сарыағаш ауданының атқамінерлеріне ойысты. Орынбасарынан кейін онсыз да таратылып жатқан жергілікті полиция қызметінің бастығы қуылды.
Жансейіт Түймебаев, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі;
-Сарыағаш ауданы жергілікті полиция қызметінің бастығы Оразғалиев Бердалыны жұмыстан босатамын. Аудан әкімі болғандықтан барлық салаға сіз жауап бересіз. Сондықтан да, Сарыағаш әкіміне қатаң сөгіс жарияланады. Облыстың білім басқармасының басшысы дер кезінде Исатай Сағындықов шара қолданбағаны үшін қадағалауды әлсіреткені үшін сізге де сөгіс беріледі.
Сондай-ақ, енді аудан әкімінің білімге жауапты орынбасарына қатаң шара қолданылуы керек. Ішкі істер департаментінің жасөспірімдер ісі жөніндегі басқарма басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болды. Абай полиция бөлімінің басшысы Әсет Ибрагимов пен мектеп инспекторы да орнынан босатылды. Ал аудандық білім бөлімі мен зорланған және зорлады деген балалар оқитын қос мектептің директорлары тергеу біткенше қызметінен аластатылып отыр. Ал жәбір көргенін жалпақ жұртқа жайып салған 7 жасар Нұрсұлтанның өзіне келсек, ол да көресіні кеше көрді. Түнде қоғамдық ұйымдардың шақыртуымен Алматыға баруы керек болған оны Шымкентте 30 шақты полицей жүргелі тұрған пойыздан жақындарымен қоса күштеп түсіріп алыпты. Тіпті, әй-шәй жоқ ішкі істер департаментіне сүйреген.
Дінмұхамед Артықов, құқық қорғаушы:
--Баланы біз Алматы қаласына тәуелсіз сараптамадан өткізу үшін алып бара жатқанбыз. Вокзалдан ұстап, ІІД бөліміне әкелді. Ештеме түсіндірген жоқ. Құдды бір қылмыскер сияқты ұстады.
Құқық қорғаушының айтуынша, полицейлер баланың Алматыдан арнайы алдыртқан адвокатын да департаментке кіргізбей қойған. Тек тілшілер мен жанашырлар көптеп жиналған соң ғана ішкі кіргізіпті. Түнгі 11 жарымда депрартамент алдына жиылған жанашырлар мен журналисттер алдында сұхбат берген баланың құқық қорғаушылары мұны ұйымдастырып отырған осы жанжалға қатысы бар департаменттегі ірі шенді Бауыржан Селтанов деп есептейді. Істің жарты жылдан бері жария етілмеуіне де осы лауазым иесі ықпал еткен көрінеді.
Құрманғазы Мүсір, шағымданушы баланың адвокаты:
-Бізге қысым көрсетіп бассыздық жасап отырған сол мектептің директоры Бибігүл Селтанованың қайнысы. Ол осы ОҚО ІІД криминалды полиция бастығы Селтанов Бауыржан. Бұл кісілер шындықтың ашылмауына бар шара қолданып жатыр.
Бибігүл Селтанова – жәбір көрсетті делінген балалар оқитын мектептің басшысы. Айта кетсек, апта басында сарыағаштық әжей немересінің бірнеше мәрте зорланғанын айтып ғаламторды шулатып, бұқаралық ақпарат құралдарына шыққан. 7 жасар бала ересек 4 оқушының өзін 5 ай бойы зорлап келе жатқанын бізге ашық айтқан еді. Осыдан кейін мәселе парламент пен үкіметке дейін жеткен. Шу шыққан соң дереу Шымкентке келген мәжіліс депутаты әрі омбудсмен Зағипа Балиева жұрт шулаған соң тілшілердің алдына түнгі 2-де шығып, жауап берді.
Зағипа Балиева, Мәжіліс депутаты:
-Бала сау, денсаулығы сау, тамағы тоқ, жағдайы жасалған. Қазір бала менімен. Әжесі де менімен, әпкесі де менімен.
-Нұрсұлтанды ебін тауып Елордаға әкеткен Зағипа Балиеваның әрекеті баланың адвокаттарына ұнаған жоқ. Жеткіншекке қысым көрсетілуі мүмкін деген олар енді халықаралық ұйымдарға да шағымданатынын айтып отыр. Ал онсыз да екі мәрте сот-медициналық сараптамадан өткен Нұрсұлтанға тағы процедуралар жасатылмақшы. Егер баланың зорланғаны расталса жазаланатын шенеуніктердің саны әлдеқайда артуы әбден мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!