Қызылорда облысында дау шығарған кәсіпкерлер әкімдікке баса-көктеп кірді
Қызылорда облысында кәсіпкерлер аудан әкімдігінің ғимаратына баса-көктеп кіріп алды. Мемлекеттік бағдарлама бойынша несие алған олар құжаттарын осылай даулаға мәжбүр. Өйткені, қарыздарынан құтылғанымен, кепілге қойған үйлерінің актісі қолдарына тиер емес. Жаңақорғандық алпыстан аса тұрғын облыс әкімінен бастап, Елордаға дейін арызданған. Әйтсе де, бұл мәселе әзірге шешімін табатын күн әлі алыс сияқты.
Автор: Жаңалық Ахаш
16.03.2018
Мына азаматтар осыдан бес жыл бұрын «Жұмыспен қамту» бағдарламасының аясында несие алған. 61 адамның бәрі қарыздарын уақытынан ерте өтепті. Бірақ кепілге қойған үйлерінің құжатын әлі ала алмай жүр.
Үсен Үшақұдайов, кәсіпкер:
-Біз қойған мүлкімізді ала алмай жатырмыз. Бұған кімді кінәларымызды, кімге барарымызды , кімге айтарымызды білмей жүрміз. Барған жерімізден ылғи тауымыз шағылып қайтып жатырмыз.
Кәсіпкерлерге қарызды «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Әділет» шағын несие ұйымы арқылы берген. Енді «Әділет» жұрттың түгел қайтарған ақшасын «Байқоңырға» аудармай отыр екен. Сондықтан корпорация азаматтардың кепілге қойған үйлеріннің құжаттарын бермей қойған. Кәсіпкерлер осы түйткілді бір жиын барысында облыс әкіміне де айтқан. Сол кезде Қырымбек Көшербаев облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысына мәселені шешуді шегелеп тапсырған болатын.
-Қазір жиналыстан кейін сөйлесесіздер. Сосын өзі айналысады. Сосын екеуіңізбірге кіріп маған баяндайсыздар. Келістік пе? Келістік. Шешім қабылданады.
Бірақ бұл тек сөз күйінде қалды. Мәселенің шешілмегені былай тұрсын, басқарма басшысы Нұржан Өмірсерікұлы әлгі жиыннан кейін көп ұзамай қызметінен кеткен. Енді мұны облыс басшысына қайтадан айту керек сияқты. Бүгін Жаңақорған аудандық әкімдігіне жиналған кәсіпкерлерді әкім Ғалым Әміреев қабылдамады. Облыс орталығынан келген меймандарды күтіп жүргенін айтып, қарамағындағы бөлім басшысын жұмсапты.
-Қандай әкім қабылдамайтын? Халықпен неге санаспайды.
Несие берген шағын ұйымға қатысты қазір қылмыстық іс қозғалған. Кәсіпкерлердің берешегі болмағанымен, керісінше сол ұйым корпорацияға қарыз екен. Соның кесірінен қарапайым тұрғындар зардап шегіп отыр.
Жаңабек Тұрлыбеков, Жаңақорған аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:
-Жаңақорған ауданы әкімдігі тарапынан үлкен ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселе жан-жақты зерделенді. Сонымен қатар, ішкі істер бөлімінің басшысы бұл жөнінде бар мәселені талқыланды. Қылмыстық іс қозғалып қазір ол өз жұмыстарын жасап жатыр.
Шенеуніктер тұрғындардың құжаты қашан қолдарына тиетінін ашып айтпады. Егер мәселе жақын арада шешілмесе, кәсіпкерлер енді амалсыз Астанаға аттанбақшы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!