«Қазавтожолдың» бұрынғы директоры қандай жаза арқалады?
«Қазавтожолдың» бұрынғы директоры әрі экс-депутат Серікжан Мұқашев та 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол өзі басқаратын мекемені тексеруге келген Есеп комитетінің қызметкерлеріне ірі көлемде пара бергені үшін осындай жаза алып отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
16.03.2018
Серікжан Мұқашев 2016 жылдың желтоқсан айында ұсталған болатын. Есеп комитетінің қос аудиторы серіктестіктің жұмысынан кінәрат тауып, мемлекет 2 миллиард теңге қайтару керек деген қорытынды шығарған. Бірақ, аудитордың ыңғайын тапқан Мұқашев мекеменің аймақтардағы филиал директорларынан ақша жинап, екі есепшіге 16 миллион теңге пара беріпті. Сөйтіп, республикалық жолдарды қыста қардан тазартып, жазда жөндеу жұмыстарын жүргізуге деп бюджеттен бөлінген қыруар қаржыны талан-таражға салғанын жасырып қалмақ болған. Одан бөлек, орынбасары мен тағы үш қызметкері 2 және 5 жылдан жаза арқалады. Айта кету керек, Серікжан Мұқашев бұған дейін Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары, Мәжіліс депутаты болған. Экс-депутат «Эйр Астана» компаниясының ұшағында стюардессаны балағаттағаны үшін Мәжілістен кеткенін айта кетейік.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!