Полицейлер 140 келі гашишті жем-шөп қоспасы тиелген көліктен тапты
Ақмола облысында ірі көлемде есірткі тәркіленді.
19.03.2018
Тәртіп сақшылары арнайы операцияны облыстың екі шетіндегі екі ауданда бір мезгілде жүргізген. Бірі тасымалдап, енді бірі саудалап келген азаматтар осылайша бір уақытта ұсталды. Аршалы ауданынан шыққан «Мерседес-Бенцте» малға арналған жем-шөп қоспасы салынған қаптардың арасынан аса ірі көлемдегі есірткіні көргенде полицейлер де таң қалған. Полиэтилен пакетіне оралып, қағаз қорапшалар мен жолдорбаға салынған заттардың гашиш екені сараптама арқылы анықталды. Мұншама мөлшердегі есірткінің қара базардағы құны 140 мың доллар екен. Күдіктілерден қару-жарақ та тәркіленген.
Гүлнар Пинчук, Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
-Ұсталған азаматтардан тапанша және бірнеше оқ-дәрі алынды. Қазір екеуі де уақытша қамау абақтысында. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу, іздестіру шаралары жалғасып жатыр. Яғни бұлардың сыбайластары іздестірілуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!