Қалада жоқ баға: Алматы тұрғындары еселеп өскен тарифке қарсылық білдірді
Алматыда Ақкент шағын ауданының тұрғындары тарифтің себепсіз құбылуына наразылық білдірді. Жылу беретін мекеме түбіртекке ойына келген сомманы жазып елдің есін шығаратын көрінеді. Өткен айда ғана ағаттық кетті деп халықтан кешірім сұрап, артық ақшаны қайтарып беремін деп ант су ішкен «Алматы жылу жүйесі» тағы да ескі әдетіне салыпты. Шыдамның да шегі бар деген халық жұмысына немқұрайлы қарап отырған пәтер иелері кооперативі төрағасын да бір сілкіп алды.
Автор: Асыл Махмет
19.03.2018
Ауа-райының күрт суып кетуіне қарамастан Алматыдағы Ақкент шағын ауданының халқы тайлы тұяғы қалмай жиналды. Тұрғындарды мезі еткен мәселе коммуналдық төлемдердің тым жоғары болуы. Бір-бір түбіртекті ұстап алған ақкенттіктерді әсіресе жылудың тарифі шошытып отыр.
Айнұр Жұмаділова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Келесі айда қайта есептейміз деді. Келесі айда ол жасалмады. Ескі тарифпен төледім.
Қаладағы бағададан он есе жоғары тариф қойғаны үшін алдымен кешірім сұрап, артық төлегендердің ақшасын қайтарып береміз деген жылу мекемесі, сөзінде тұрмады. Тіпті толық төлемегендердің қарызын өсіріп бір шаршы метріне төленетін сомманы, әр пәтерге әртүрлі етіп құбылтып тұрғындардың есін шығарған.
Айнұр Қасымова, Алматы қаласының тұрғыны:
-Менің ыстық суым 1781 теңге. Мұздай суға 466 теңге. 3 теңге болса да қосып қойған. Ыстық суға 200 теңге қосып қойған. Бұл не деген сұмдық? Мен неге артық төлеуім керек?
Алты мыңға жуық адам тұратын Ақкенттегі жағдайды естісе де бұл жерге «Алматы жылудың» бір де бір адамы аттап баспады. Халық бар ашуын пәтер иелері кооперативінің төрағасынан алды. Олар да ақша жинаудан басқаны білмейтін болып шықты. Халық күзеттің де, тазалықтың да, суға толып жататын паркингтің де жұмысына көңілі толмайтынын айтып, эксплуатациялық төлемді азайтуын талап етті. Шулаған халыққа келуге жарамаған «Алматы жылу жүйесін» жылы орнына іздеп өзіміз бардық. Сондағы айтқандары.
Ян Грин, «Алматы жылу жүйесі» ЖШС ресми өкілі:
-Әрбір түбіртекпен жұмыс істейміз. Егер қате болса ақшаларын қайтарамыз. Биыл қыс өте суық болы сондықтан, жылуға көбірек шығын кетіп отыр. Оны біз емес арнайы құрылғылар солай есептеген.
Қақаған қысты желеу еткендердің бұл тірлігі шаш ал десе бас алатындарға келеді. Ақкенттіктер де енді ешкімді аямақ емес. Ол қол жинап жылу мекемесін де, пәтер иелері кооперативін де сотқа бермек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!