Байғұс мұғалімдер: Сағадиевтің реформасынан шаршаған ұстаздарға депутаттар араша түсті
Білім министрінің «Күнделігі» тағы дауға қалды. Бұл жолы Ерлан Сағадиевтің ойлап тапқан жаңалығына депутаттар қарсы шықты. Өйткені, бас ұстаз мұғалімдерге электронды журналға жазғандарын қайта қағазға басып шығаруды бұйрыпты. Бұған ашуланған мәжілісмендер « байғұс ұстаздардың жұмысын қиындаттың» деп Сағадиевті сынға алды. Министр мен халық қалаулыларының текетірісі немен аяқталды?
Автор: Жәудір Оразхан
19.03.2018
Аяғын ауыртып алған Білім министрі бүгін Үкімет сағатына балдақпен келді. Бірақ ақсаңдаған Сағадиевті мәжілісмендер аяған жоқ. Бірден бетіне «Күнделік» жүйесіндегі кемшілігін басты. Негізі, «Күнделік» жүйесі бойынша компьютерде толтырылатын журналдар қалалардағы мектептер үшін ыңғайлы. Ал ауыл-аймақтағы ұстаздар интернет нашар болғандықтан үнемі шағымданып жүреді. Оның үстіне Білім минстірі электронды журналды қағазға да басып шығарыңдар деген бұйрық беріпті. Депутаттар ұстаздардың жүгін еселеп берген Сағадиевті сол үшін сынады.
Наталья Жұмаділдаева, Мәжіліс депутаты:
-Ұстаздар әр тоқсанда электронды журналды қағазға басып шығарады. Кейін нөмірлеп, беттейді және оған деиректор қол қояды. Ерлан Кенжеғалиұлы, айтыңызшы, онда электронды журналдың қажеті не? Қағаз жүзінде журнал толтыруға тыйым салғандарыңыз қайда?
Сағадиев депутат әрі кезінде мектеп басқарған Наталья Жұмаділдаеваның сөзін жоққа шығармады. Бас ұстаздың айтуынша, артық жұмысқа құмартып отырған оқытушылардың өздері екен.
Ерлан Сағадиев, Білім және ғылым министрі:
-Біз журналды тоқсан сайын бір рет қағазға басып шығаруға рұқсат бергенбіз. Бұл көп уақыт алмайды. Ұстаздар оқушылардың электронды журналдағы бағасы жоғалып кете ме деп қорқады. Негізі, журналды қағазға басып шығаруды мұғалімдердің өздері сұраған.
Министрдің тапқан уәжіне көңілі толмай, сөзге бұрын ұстаздық еткен вице-спикер де араласты. Енді Сағадиев әзірлеп жатқан кезекті реформаға келсек. Министр бірінші сыныптарға информатика пәнін оқытпақ. Және болашақта мектеп директорының информатика бойынша орынбасары болады. Бас ұстаз бастауыш сыныпқа информатика пәнін енгізуді қазір сарапшылармен талқылап жатыр екен. Кейін мұғалімдермен тағы ортаға салмақ.
Ерлан Сағадиев, Білім және ғылым министрі:
-Бізде информатика пәні мектепте 5-сыныптан бастап оқытылады. Биыл 3-сыныптан басталады. Сонымен қатар, информатиканы оқытуды 1-сыныптан енгізузі бойынша эксперттермен жұмыс істеп жатырмыз.
Сондай-ақ, Білім министрілгі ағарту ісіне қатысты қызметтерді түгел онлайнға көшірмекші. Жуырда мектеп, колледж, университеттерге оқуға түсу үшін телефон арқылы өтініш жазуға мүмкіндік туады. Қосымша іске қосылса, оқушы алған бағасын, үй тапсырмасын, сабақ кестесін де қолындағы смартфонынан көруіне болады. Сондай-ақ, депутатар мұғалімдердің жалақысын да қозғады. Жаңа оқу жылынан бастап ұстаздар Ұлттық біріңғай тестен өтуі тиіс.
-Сонда жүз сұрақтың нешеуіне жауап беру керек мұғалім жалақысы көбею үшін?
-Деңгейге-деңгейіне бөлінген. Мына ең жоғары деңгейіне 90 пайыз. Ұстаз зерттеуші 80, педагог-эскперт 70, педагог-модератор 60 пайызы.
Білім саласын сандық жүйеге көшіруді талқылаған депутаттар Білім министрлігіндегілерден бөлек, бұған жауапты өзге ведомство өкілдеріне де сауал қойды. Мәжілісмендерге дұрыс жауап бере алмаған Аэроғарыш агенттігі төрағасының орынбасары Баубек Оралмағамбетовты вице-спикер залдан қарасын батыруды талап етті.
Гүлмира Исимбаева, Мәжіліс вице-спикері:
-Баубек Жеткергенұлы, біз сіздің уақытыңызды алмасақ. Бұл жерде 2-3 сағат парламентте отырып кету мақсат емес. Сіз жұмысыңызға бара беріңіз. Бізге тақырып бойынша мүдделі, сұрақтарға жауап беер алатын мамандар қажет.
Ақталмақ болған Оралмағамбетовты Гүлмира Исимбаева тыңдамады да. Шенеунік Үкімет сағаты өтіп жатқан залдан ақыры шығып кетті.
-Жалпы, мәжілісмендер мектеп оқушыларының заман талабына сай білім алуына қарсы емес. Бірақ шәкірттердің денсаулығына да көңіл бөлу керек дейді депутаттар. Сандық жүйеге көшу барысында көптеген оқулықтар электронды болады. Мектептерде ноутбук, интерақтивті тақта, планшет көбейеді деген сөз. Бұл баланың бірінші кезекте көзіне зиян деп қауіптеніп отыр халық қалаулылары.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!