Іштің бе, төле: Таразда дәмханадағы отырыс атыспен аяқталды
Ас-суын ішіп, ақысын төлегісі келмегендер ажал құша жаздады. Тараздағы дәмхананың бірінде 3400 теңге үшін күзетшілер мен клиенттер арасында жанжал туындап, соңында оқ атылған. Әзірге қай тараптың қару қолданғаны беймәлім. Белгілісі, жарақат алған екі адам ауруханаға түскен. Ал, азын-аулақ ақша үшін кісі өлімі тіркеле жаздаған асхананың қызметкерлері даудың неден болғанын былай түсіндірді.
Автор: Руслан Әбдіхалық
19.03.2018
Айткүл, даяшы:
-Алдында да отырған. Оны төлеп кеткен. Жанындағы тағы бір бала мен төлеймін деген. Ол бала төлемей , өзі кетіп қалған. Ал, мыналар «біз төлемейміз, жаңағы бала төйлейді» деген. Екеуі бір-бірін түсінбей қалған ғой. Бұлар «сіздер төлеп кетіңіздер» деп айтқан.
Дәмхананың даяшылары одан арғысын білмейміз деп құтылды. Айтуларынша, күзет агенттігінің жігіттері келген соң, дау далада жалғасқан. Бірақ, кімнің-кімге оқ атқанын көрмедік дейді «Шайхана» қызметкерлері. Өйткені олар ушыққан жанжалдан шошып, ғимараттың есігін жауып, ішке жасырынған. Түн жарымда болған оқиға құзырлы орындарды аяғынан тік тұрғызды. Жедел жеткен тәртіп сақшылары асхананы қоршауға алып, бөлімшеге жігіттерді шетінен жетектеп әкетіп жатты. Бірақ полициядағылар осы жайтқа қатысты әзірге ақпарат берген жоқ. Бір анығы, атыстан жарақат алған екі адам ауруханаға түскен.
Ербол Ордабеков, №1 қалалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:
-Бізге түнгі сағат ондар шамасында 27 және 32 жастағы екі жігіт түсті. Біреуі жедел жәрдем көлігімен, екіншісі өзі келді. Арасы 30 минут. Екеуіне де оқ тиген. Бірінің жамбас тұсы, екіншісінің саны жарақаттанған. Рентген әрқайсысының аяғында 30 шақты бытыраның қадалып тұрғанын көрсетті. Науқастарға медициналық көмек көрсетіп, қайтардық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!