Тікелей эфир: Ақтөбе бір түннің ішінде мұз қалаға айналды
Түнімен жауған жаңбырдың артынан аяз тұрған. Көктайғақтың кесірінен қалаға кіріп-шығатын жолдардың барлығы жабылды. Мұзға тайып, жарақат алғандар да жетерлік. Дәрігерлер олардың саны түске дейін екі жүзден асты деп отыр. Ақтөбеліктердің жайын тілшіміз Жаңалық Ахаштан сұрап білейік.
Автор: Жаңалық Ахаш
20.03.2018
- Қазір Ақтөбенің кез келген көшесінде коньки тебуге болады. Көктайғақта қолдарына күрек-сүйменін алып шығатын комуналшыларды көрмедік. Ең қызығы шенеуніктер де қалада не болып жатқанын білмейтін сияқты. Себебі таңнан бері қала шетіндегі көшелер тұрмақ, орталық даңғылдарға да тұз бен құм себілмеді.
Соның кесірінен жол апаты көп. Көк мұзда тайғанап, жол шетінде аударылып жатқан, бағанаға соққан көлік жетерлік. Тіпті, жолаушылар таситын автобустар да бар. Құтқарушылар тұрғындарға себепсіз үйлерінен шықпауды ескертуде. Әйтсе де, білім бөліміндегілер мектептерде сабақты тоқтатпаған. Мұғалімдер оқушыны мектепке ата-ана ертіп келіп, ертіп әкету керектігін айтып жатыр. Ал облыс орталығынан ешбір көлікті сыртқа шығармайды. Көрші аймақтарға қатынайтын жолдардың барлығын жауып тастаған.
Ерік Ерімбетов, Ақтөбе облыстық ТЖД басқарма басшысы:
-Ауа райының нашарлауына байланысты, яғни жаңбыр, қатты көктайғақ болуына байланысты Самара-Шымкент, Ақтөбе-Орск, Ақтөбе-Астархань және де солтүстік айналма, Қарабұтақ, Комсомол, Қостанай жолдары түгелдей көлік түрлеріне қозғалысына жабылды. Үйден тек қажет болған жағдайда ғана шығыңыздар!
Облыстағы жедел медициналық көмек көстеру орталығында ине шаншар жер жоқ. Көк мұзға жығылып, жарақат алғандар осында жеткізіліп жатыр. Түске дейін дәрігерлер екі жүзден астам науқасты қабылдаған. Барлығын жедел қарап үлгермей жатқандарын айтады мамандар. Сондықтан көмекке бірнеше бригаданы тартуға тура келіпті. Сонымен қатар, сынық жарақатын алғандардың көптігінен екінші рентген кабинетін ашқан. Бірақ соның өзінде ондаған адам кезекте отыр.
Рақымжан Арыстан, Ақтөбе облыстық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының бас дәрігері:
-Қабылдау бөлімшесі қазір шұғыл режимде жұмыс істеп жатыр. Біз дәрігерлердің санын көбейіттік осыған байланысты. Бұрын бір травматолог қабылдаса, қазір 3-4 травматолог қабылдап жатыр. Үш нейрохирург, бір невролог, екі терапевт ауруларды қабылдап жатыр.
-Жаңалық, дегенмен позитивті жағы да бар ғой. Кейбір тұрғындардың мұз айдынында емес, қала ортасында коньки теуіп жүргендерін көрдік.
Иә, тұрғындар коньки теуіп жүрген кадрлерін әлеуметтік желілерге шетінен жүктеп жатыр. Құдды бір мәнерлеп сырғанаудан жарысқа дайындалып жатқандай, конькиді шеберлікпен тебеді. Бірнеше күн осылай мұз қатып тұрса, ақтөбеліктерді қысқы олимпиада ойындарына аттандыруға болады –деп әзілдеп жатыр жұрт. Синоптиктерге сенсек, алдағы күндері жаңбыр жауып, түнде қайта күн суытпақ. Яғни расымен де тағы бірнеше күн көшеде сырғанақ теуіп жүретін сияқтымыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!