Павлодар облысында ата-ана қамқорлығынан айырылған жүз балаға сыйлықтар табысталды
Игі шараны «Дегдар» қайырымдылық қоры ұйымдастырған. Қашыр ауданының Песчан ауылындағы №2 арнайы коррекциялық мектеп-интернатқа аттанған қор өкілдері ондағы жеткіншектерге компьютерлерден бөлек, шеберханаға су жаңа станоктар орнатып берді. Бұған қоса, білім ошағының ас үйі мен кір жуу бөлмесіндегі тозған құрылғылар да жаңарып қалды.
Автор: Әйгерім Шакаманова
20.03.2018
Жаңа құрал-жабдықтар әкелінгелі мектеп-интенаттың тәрбиеленушілері шеберханадан шықпай жүр. Бірі ағаштан кәдесый жасауды үйренсе, енді бірі өз қолымен жиһаз құрастырып көруде. Сыныпта пайда болған су жаңа станок ағашты тез әрі дәл жонады. Бұған, әсіресе, ер балалар мәз-мейрам.
Павел Ликчинов, оқушы:
– Бәйтеректі өз қолыммен істеп жатырмын. Ағаштан түрлі бұйымдар жасағанды ұнатамын. Енді жаңа станоктың арқасында орындық, үстел жасап үйренемін. Болашақта өз шеберханамды ашқым келеді.
Замануи құрылғылардың жеткізілгеніне мұндағы ұстаздар да қуанып отыр. Ал бұған дейін ас үйге шелек-шелек су тасып, оны өздері ысытатын аспаздар енді тіршілік нәрін арнайы электр қазандығы арқылы жылытып жүр. Сондай-ақ, аспаздар енді көкөністерді де жылдам турай алады. Коррекциялық мектеп-интернатта қазір жүз бала тәрбиеленуде. Мұнда қор өкілдері былтыр жаңа жыл қарсаңында да келіп-кеткен.
Жанат Сексенбаев, «Дегдар» қайырымдылық қорының жоба үйлестірушісі:
– Былтыр келгенде интернаттағы көптеген құрал-жабдықтардың ескіргенін байқадық. Сондықтан оларды жаңалап беруді ұйғардық. Біздің мақсатымыз – осы балалардың дамып-жетілуіне кішкентай болса да үлес қосу.
Ал мектеп-интернаттың кір жуушы қызметкерлеріне киім-кешекті сығатын арнайы құрылғы мен үтіктеу машинасы табысталды. Бұған дейін бәрін қолмен істеп келген нәзік жандардың жұмысы енді жеңілдейтіні анық. Түрлі сыйлыққа болған мектеп ұжымы «Дегдар» қорына алғыс білдірді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!