{metadescription}
Оңтүстікте мақташылар үлкен шу шығарды
Оңтүстікте мақташылар үлкен шу шығарды

Оңтүстікте мақташылар үлкен шу шығарды

Оңтүстік өңірдегі мақташылар ала жаздай бейнетінің зейнетіне көре алмай жүр. Мақтарал ауданында жүздеген шаруа қожалығының ақ алтынын алған «Қаз Мақта» зауыты күзден бері толық есеп айырыспаған. Ол аздай, кәсіпорын жұмысшылары жалақы алмапты. Қаржыны қалтаға басқан өндіріс ошағының басшылары сыртқа қашып кеткен көрінеді. Құзырлы орындар осыған байланысты іс қозғаған. Тұрғындар жергілікті атқамінерлердің әрекетін жабулы қазан жабулы қалсын дегенге балайды.

Мақтарал диқандары былтырғы күзден бері күндіз күлкіге, түнде ұйқыға зәру. Жыл бойы егін егіп, мақтаның әр ұлпасын теріп зауытқа өткізген еңбекққор қауымды кәсіпорын басшылығы тақырға отырғызып кеткен. Кәсібінің нәсібін көре алмаған 230-дан астам шаруа қожалығының өкілдері күзден бері зауытқа талай мәрте келіпті. Жергілікті әкімдікке де сан рет шағымданған. Алайда құзырлы орындар шу шығармаңдар, мәселені шешеміз деген уәдемен осы күнге жеткізген көрінеді. Маңдай терінің өтеуін сұраған жүзден астам диқан бұл жолы да осы «Қаз Мақта» мекемесінің алдына жиналды. 

Сүйінбай Нәлібаев, дихан:

- Банкте кредитіміз бар. Ал  ол шотты жауып тастаған. Ауданның әкімі ме, Ибрагимов Бақыт дейтін жеке кәсіпкер ақшаны алғанын  мойындап отыр.  

«Қаз Мақта» зауыты 2006 жылы құрылды. Бюджеттің ақшасына салынған кәсіпорынды бүкіл елге жариялап ашып еді. Тәп-тәуір жұмыс істеп келе жатқан зауыт былтыр жекеменшікке сатылады. Содан бері басынан дау арылмай келеді. Мақташылармен есеп айырыспағанын былай қойғанда,  кәсіпорын басшылығы жұмысшылардың бір айлық жалақысын да бермепті. Қазір зауыт қаңтарылып тұр.

Болатбек Ағыманов, жұмысшы;

 - Енді ойлаңыз трактористер, электриктер бар, жалпы саны 300 адам болады бұл жерде.  Қайтеміз, күнделікті жұмысқа шығамыз. Ауыр жұмыс істейміз.

Сонда кім бізді асырайды? Пәтерде  тұрамыз. Нанды кім береді бізге? 

Кезінде ел арасында «диқан» деген атағымен құрметке бөленген   осы егіншілердің бүгінгі ахуалы мәз емес. Әйелдері жылап, еркектері шулаған соң жиылған топқа мақтаралдық шенділер де тайлы-таяғы қалмай келіпті. Бірақ әкімдер мен жұрттың әңгімесі жараса қойған жоқ.

Әкімнің айтуынша, ол жұрттың жағдайын желтоқсанда есітіп, шұғыл әрекетке көшіпті. «Қаз Мақтаның» өкілдерімен сөйлесіп, олар жұртқа қарыз 295 миллион теңгені үш кезеңмен бөліп беретін болған. Алғашқы 60 миллион қайтарылған. Қалған қаржыны беруді кешеуілдетіп жатыр екен. Ал зауыт басшыларына қатысты аудан прокуратурасы іс те қозғапты.   

Ғалымжан Исмаилов, Мақтарал ауданының әкімі:

-Біз өзіміз сөйлескен кезде осы 2-ші траншта бір 80 миллиондай берсек деген еді. Наурыздың аяғына дейін құтыламыз деген несі бар-тұғын. Кешеуілдетіп жатыр.  

-Аудан басшыларына сенсек, халықтың алашағы көп ұзамай қайтарылуы тиіс. Бірақ, мұндағы дихандар құрғақ уәдеге әбден тойған. Сондықтан, мәселеге елордалық шенеуніктердің араласуын сұрайды. Әйтпесе, ары кетсе 20 күнде егілуі тиіс мақта егілмей, Мақтаралдағы жүздеген отбасы мүлдем тақырға отыруы мүмкін. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде