Мұнай қымбаттап, алтын арзандап, криптовалюта беки түспек
Бес күндік демалыста әлемдік нарықтағы жағдай құбылмалы болмақ. Теңгені долларға ауыстырып үлгеруге асығу керек пе?
Автор: Асқарбек Қазанғап
21.03.2018
Жұртшылыққа жағаны жайлауға жіберер кішігірім демалыс жетті. Біз демалғанмен, қаржы, мұнай нарығындағы жағдай алдағы күндері құбылатын түрі бар.Мұнайдың бағасы өсіп жатыр. Оған ең алдымен Таяу Шығыстағы тұрақсыздық түрткі болды. Шикізат жеткізу қиындап, тапшылық сезіледі деген сыбыс шыққасын қара алтынның құны артты да кетті.
Оның үстіне АҚШ тың мұнай өндіруде кедергілерге тап болып жатқанын бәсекелес елдердің тәуелсіз бақылаушылары сүйінші сұрағандай жар сала жариялап жатыр. Соңғы түскен ақпарат бойынша Брент маркалы мұнай бағасы 1,77 пайызға өсіп, баррелі долларға шаққанда 67 долларға жетті.
Осы демалыста қалта түбі қағылып, қарыз сұрар адам таппай, басқа амал жоқ деп алтындарыңызды ломбардқа апаруға асықпаңыз. Батыстағы жағдайды бағамдап алайық.
Осы апта АҚШ та долларға деген сұраныстың артуы алтынның арзандауына әкеліп соқты. Оның қандай қатысы бар деген сұрақ басыңызға сап ете қалған болар. Франклин бейнеленген валютаға сұраныс шектен, жоспардан тыс көбейсе арадағы теңдікті сақтау үшін автоматты түрде алтынның құны төмендейді. Бет алды жоқ бағам құбылмайды. Нью Йорк биржасындағы қайнаған қазанда қорытылып шығады. Сонымен соңғы көрсеткіш бойынша алтын 0,59 пайызға арзандады. Біздегі биржа бекіткен алтынның грамы -13 мың 500 тг төңірегінде. Сәйкесінше, алтын қабылдайтын орталықтардағы бағалау көрсеткіші де өзгереді. Сондықтан, келер дүйсенбіге дейін күте тұрған жөн болар.
Ұстап көруге келмейтін бұқараның «алсам ба, алмасам ба» деп басын қатырған ауада сақталатын криптовалюта нарығы да осы апта жаңалыққа толы.
Соңғы 24 сағаттың ішінде биткоиннің құны 4 пайызға көтеріліп, 8842 доллардан саудаланды. Қазір криптовалютаның қоры 149 млрд доллардан асып жығылады. Оның қандай жайттарға байланысты өсіп, бағамы реттеліп отыратынын білікті мамандардың өзі кесіп айта алмайды. Өйткені, биткоин төңірегіндегі шу, екіге жарылған кереғар пікірлерге әлі күнге нүкте қойылмады. Сондықтан, артық ақшаңызды криптовалютаға ауыстырсаңыз бірер жылдан кейін пайда көресіз деп біз де кепілдік бере алмаймыз.
Күнде бағамын қараудан жалықпайтын теңгеміздің жайына тоқтайық. Көпшілік көңілін мейрамда түсірмейін деді ме, Ұлттық банк 21-26 наурыз аралығындағы теңгенің ресми курсын жариялады.
Бір ақш доллары 320 теңге көлемінде сақталатын болды. Әріптестер, қаржы әлеміндегі жаңалықтар осы. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы құтты болсын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!