Наурызды алматылықтар қалай тойлап жатыр?
Отыз күн ойын, қырық күн тойын! Биыл Алматыда әз Наурыз мерекесі 1 ай бойы атап өтілмек. Ол үшін қала билігі 150-ге тарта түрлі шара ұйымдастырған. Концерттік бағдарламалар бүгіннен бастау алды. Ал, басты мерекелік шара «Астана» алаңында ертең таңнан басталмақ. .
Автор: Нүргүл Нұрланқызы
21.03.2018
«Астана» алаңында таңнан бері қызу дайындық. Қала халқына көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін ертең мұнда 500-ге тарта әртіс өнер көрсетпек. Еліміздегі ең танымал эстрада жұлдыздары да осында ән шырқайды. Тіпті, алыс-жақын 12 елден мың бұралған бишілер шақыртылған. Арасында айыр қалпақты ағайындар да бар.
Сырға Ләтипова, Қырғызстан азаматы:
- Біз бұл жерде өзіміздің қырғыз биін билейміз. «Машпа той» биін билеп, сосын қазақ достарымызбен бірге қазақ биін билейтін болдық.
Мына сахнада ертең қарапайым тұрғындар да жұлдыздармен қосыла ән салмақ. Сондай-ақ, «Астана» алаңында көрсең көз тоймайтын киіз үйлер құрастырылған. Әрі спорттық жарыстар өтетін, балалар ойнайтын аумақтар пайда болды. Алматылықтардың әз Наурызды асыға күткені байқалады. Өйткені, алаңда жай ғана дайындық өтіп жатса да, соны таңнан кешке дейін тамашалап жүргендер бар.
Жұмат Әнесұлы, жазушы:
- Үлкен бір керемет жақсы әсерде отырмыз. Құтты болсын мереке.
Ұлыстың ұлы күні еліміздің мәдени астанасында 1 ай бойы атап өтіледі. Ол үшін 150-ге тарта концерт, театр қойылымдары мен спорттық шаралар ұйымдастырылған. Жалпы наурызды тойлау мегаполисте бүгіннен бастау алды. Оған алғашқы болып қаланың 8 ауданы кіріскен. Мерекеге орай қалада 25 мың тонна наурыз көже әзірленеді. Әрі осынша бауырсақ дайындалмақ. Бұған қоса, аспаздар 5 тонна палау пісіргелі жатыр. Ұйымдастырушылар соның бәрі қонақтарға тегін таратылады деп сендіруде. Наурызға Алматыдағы 46 базар да бей-жай қарамаған. Олар да мереке күндері клиенттеріне ұлттық тамақтар ұсынғалы жатыр.
Әрі наурызда бірнеше рекорд орнатылады деп күтілуде. Яғни, ертеңнен бастап мұнда әлемдегі ең үлкен құрақ көрпе тігіле бастайды. Оның көлемі 25 мың 500 шаршы метрді құрамақ.
Динара Сапақова, Алматы қаласы әкімі баспасөз хатшысының орынбасары:
- Биыл наурызды атап өту кезінде 2 рекорд орнатпақпыз. Соның бірі - көшеге 2 мың литрлік саптыаяқ қойылып, ол шайға толтырылады. Кейін сусын 20 мың адамға таратылады. Бұл рекордты тіркеу үшін Гиннесс кітабының Қазақстандағы өкілдері арнайы шақырылады.
Осындай қызықты шаралар сәуірдің 21-іне дейін жалғасады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!