Ресейде болған алапат өртке қатысты алғашқы болжамдар айтыла бастады
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Кемереводағы қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтып, Владимир Путинге жедел хат жолдады. Ал, осы уақытта өрттен қаза тапқандар саны 53 адамға жетті. Арасында балалар да бар. Ажал құшқандар саны әлі де артуы мүмкін. Өйткені үйінділерді аршу жұмыстары жүріп жатыр. Төтенше жағдайға байланысты төрт адам ұтсалып, олардан жауап алынып жатыр. Алдын ала болжам бойынша, тілсіз жау ғимараттың жоғарғы қабатындағы батутта кішкентай баланың сіріңкемен ойнауынан тұтанған делінуде.
Автор: Асыл Махмет
26.03.2018
Ресейліктерді есеңгіретіп тастаған қайғылы оқиға кеше түс ауа Кемерево қаласындағы «Зимняя вишня» сауда үйінде болды. Орталықтың төртінші қабатындағы ойын орталығында қылаң берген қызыл жалын әп-сәтте күш алып, ғимарат толықтай қою қара түтінмен лапылдап жанған оттың құрсауында қалған. Нысанның шатыры ортасына түсіп, жағдайды тіптен ушықтырып жіберіпті. Салдарынан адамдар сыртқа шыға алмай бір-бірін таптап көбісі терезеден секірген.
Екатерина, куәгер:
-Біз төртінші қабаттағы кинотеатрда балалармен отырған едік. Өрт деп елдің бәрі шулап кетті. Бірден балаларды алып қаштық. Құлап, бір-бірін таптап жатыр. Ешкім көмектеспейді. Әрең шықтық.
Оқушылар үшін көктемгі демалыс болғандықтан бұл жерге балалар өте көп келген. Сондықтан нақты қанша адамның жоғалып кеткені белгісіз. Жергілікті билік із-түзсіз кеткендер саны 70 деп отыр. Ал қаза тапқандардың саны сағат санап өсіп жатыр. Соңғы мәлімет бойынша 53 адам өлген. Тағы 50 ден астамы ауруханаға жеткізіліпті. Марқұмдардың кім екенін анықтау мүмкін болмай жатыр. Мүрделер түгі қалмай жаныпты.
ЕВГЕНИЙ ДЕДЮХИН, Ресей ТЖМ қызметкері:
-"Қазір психологтар жоғалғандардың туыстарымен жұмыс жүргізіп жатыр. Көбісі жақындарымыз сауда үйіне демалуға кеткен, содан оралмады деп келіп жатыр.
Қаза тапқандардың арасында облыс губернаторы Аман Төлеевтың жақын туысы да болыпты. Өңір басшысы өлгендердің отбасына 1 млн рубль көмек берілетінін жеткізді. Алдын ала мәлімет бойынша, тілсіз жау батут тұрған жерге шырпы алып кірген кішкентай баланың ойынынан шығуы мүмкін. Тілсіз жау мың жарым шарты аумақты күлге айналдырған. Бұл оқиға бойынша төрт адам ұсталып, сұралып жатыр. Арасында сауда үйінің басшылығы мен жалға алушылар да бар. Қайғылы жағдайға байланысты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев көңіл айтып, ресейлік әріптесіне жедел хат жолдады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!