Шығыс Қазақстанда 250-ге жуық үй қызыл судың астында қалды
Зардап шеккендердің дені Глубокое ауданы мен Шемонаиха қаласында. Құтқарушылар 750-ден астам тұрғынды қауіпсіз жерге көшіріпті. Көпшілігінің баспанасы құлап, енді тұруға мүлдем жарамсыз болып қалған. Ертеңіне алаңдаған тұрғындарға жергілікті әкімдік басу айтып әлек болуда. Оларға сенсек, байбалам салудың жөні жоқ. Яғни тұрғындардың үйін жөндеп немесе тіпті мемлекет есебінен пәтер сатып әпермек екен.
Автор: Жанар Низамутдинова
26.03.2018
Белоусовка ауылының тұрғындары біртіндеп су басқан үйлеріне қайта оралып, келген шығынды өз беттерінше есептеуге кірісіп кеткен. Басқа барар жері жоқ тұрғындар жарамсыз болып қалған үйлерін қимай, жағалап жүр. Ал айтарлықтай зардап шекпеген үйлер тез арада жөндеуді қажет етеді.
Ирина Панина, Белоусовка ауылының тұрғыны:
- Балаларды үйге тастап, өзім жұмысқа кеткенмін. Қолымызға іліккенді сыртқа шығарып үлгердік, әйтеуір. Қалғаны суға кетті.
Көршілес орналасқан Прогресс ауылындағы кішігірім өзен де елді мекеннің көп бөлігін басып қалған. Мұнда судың беті қазір де қайтпай тұр. Тұрғындар үйлеріндегі азық-түлік пен құжаттарын аман алып қалудың қамымен жүр. Ашулы тұрғындар, жергілікті су қоймасындағы суды дер кезінде жібергенде апаттың алдын алуға болар еді дейді. Шемонаихадағы жағдай да мәз емес. Мұндағы Оба өзені 42 үйді басып қалды. Ал аймақ басшысы тұрғындарға жедел түрде көмек беріледі деп отыр.
Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
- Бұл 30 жылдан бері болмаған жағдай. Енді ауа-райы дұрысталса және су қайтса, нақты іс-шараларға көшеміз.
Әзірге тұрғындар тума-туыс жағалап кеткен. Ал кейбірін әкімдік арнайы орталықтарға орналастырыпты. Бұл жерде оларға гуманитарлық және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр екен. Айта кету керек, шығысқазақстандықтарға көмек көрсету үшін Алматы, Павлодар және Оңтүстік Қазақстаннан құтқарушылар жетіпті. Ал аймаққа әлі де төтенше жағдай қаупі төніп тұр дейді ауа-райын болжаушылар. Өйткені жақын күндері жаңбыр жауып, ауа температурасы 10 градусқа дейін көтерілмек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!