Депутаттар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін» жекешелендіруге қарсы шықты
Үкімет инвестор тауып, банкті сатпақ. Ал мәжілісмендердің айтуынша, мемлекет есебінен төмен пайызды ипотекалық несие беріп отырған банк кәсіпкерлердің қолына түссе, жұрт жеңілдіктен қағылуы мүмкін.
Автор: Жәудір Оразхан
26.03.2018
-Үкімет «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін» кімге сатпақ?
Миллионнан астам салымшысы бар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жекешелендірілетін нысандардың қатарында. Үкімет стратегиялық инвестор тауып, мекемені соған сатпақ. Ал депутаттар банк жеке кәсіпкердің қолына өтсе, қожайыны мемлекеттік жеңілдіктерді алып тастайды деп күдіктенеді. Өйткені, бизнестің көздегені табыс екенін мәжілісмендер жақсы біледі. Яғни, депутаттар үй бағасы қымбаттап кетуі мүмкін деп қауіптенеді.
Омархан Өксікбаев, Мәжіліс депутаты:
- Инвестор келсе, өзінің заңын енгізеді, ол өзінің тәртібін орнатады. Сондықтан мен қарсымын жекешелендіруге. Оны әлде де болса тереңірек зерттеу керек. Сосын барып қандай ұтымды болады, халыққа түсіндіріп барып, жекешелендіру керек.
Ал «Бәйтерек» холдингі төрағасының орынбасары депутаттардың «Тұрғын үй құрылыс банкіне» қатысты сан сауалына мандытып жауап бере алмады. Сондықтан сөзге Ұлттық экономика министрінің араласуына тура келді.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» барлық жеңілдік сақталады. Және банк «Нұрлы жер» мен «7-20-25» бағдарламасына қатысады. Жыл сайынғы 20 пайыздық мемлекеттік сыйақыны да қалдырамыз. Егер инвесторлар осы талаптарға келіссе ғана банкті сатамыз.
-Жекешеліндіру науқаны бойынша жалпы осы уақытқа дейін қанша нысан сатылыпты?
Ұлттық экономика министрі жоспардың 70 пайызын орындадық деп есеп берді. Екі жылда 476 мекеме сатуға қойлған. Оның 367-сі 164 миллиард теңгеге сатылған. Үкімет нысандарды аукцион және бастапқы бағасын төмендету арқылы өткізіпті.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:
-Ірі объектілер бойынша, оның ішінде ұлттық холдинг бойынша 19 объект, республикалық меншік бойынша 2 объект. Оолардың 14-і сатылды және «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан Темір жолы» IPO шеңберіне 7 объект өткізілді. Республикалық меншік бойынша екі денсаулық сақтау объектісі сатылды. Олар: «Қазмедтехника», «Қазмедорталық».
Енді биыл Қазақтелеком, Қазатомөнеркәсіп, Эйр Астананың акциялары IPO шығарылады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!