Ақтөбеде тұрғындар жүйке ауруына шалдыққандармен бір емханада емделуге қарсы шықты
Ақтөбеде жүйке ауруына шалдыққандардың жақындары психоневрологиялық диспансердің жабылуына қарсы. Өйткені, ақыл-есі кем науқастарды наурыз айынан бастап учаскелік емханаларға бөліп берген. Ал онда еш жағдай қарастырымапты. Сондай-ақ, ақыл-есі түзу науқастармен жүйкесі сыр бергендерді қатар емдеу жөн емес дейді тұрғындар.
Автор: Жаңалық Ахаш
26.03.2018
Туғалы жүйке жүйесі ауыратын Ләззатты анасы көзден таса қылған емес. 22 жастағы жалғыз қызының күтпеген жерден талмасы ұстап, қол-аяғы құрысып қалады екен. Бұрын ондай кезде дереу психо-неврологиялық диспансерге жеткізетін. Енді диспансерді таратып, тұрғылықты жеріндегі емханаға баруға тура келеді. Бірақ ол жақта жүйкесі сыр бергендерге еш жағдай жасалмапты.
Мәрзия Зағиева, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
- Біздің өзіміздің емханымызды қайтып берсін. Менің сұрайтыным сол. Біздің жанымызды түсінбейді. Басына түскен адам ғана біледі.
Қазір ақылынан ауысқанды да, күйзеліске шалдыққанды да психиатр маман тек учаскелік емханада қабылдайды. Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығы солай. Өйткені, жүйкесі сыр бергендер саны соңғы кезде артып кеткен. Бір Ақтөбе облысының өзінде осындай диагнозбен он мың адам тіркеуде тұр. Арнайы емханаға баруға көбісі арланады. Сондықтан диспансерді жауып, қарапайым емханаларда ем жүргізетін болдық дейді басшылар.
Сәкен Қапанов, Ақтөбе облыстық психоневрологиялық диспансерінің директоры:
- Енді диспансердің жұмысын осы алғашқы медициналық орталық атқарады енді. Бұл халыққа жақындау. Көп науқастар психикикалық ауытқу болған кезде уақытында дәрігерлерге келмейді.
Жүйке ауруына шалдыққандардың диспансері жабылғанымен, дәрігерлері жұмысыз қалмайды. Учаскелік емханалардағы қабылдауды солар жүргізеді. Ал оқшау ем алғысы келетіндер үшін ауруханаға жатуға болады дейді дәрігерлер. Ол жындыхананың өзінде қазір үш жүз науқас бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!