Көктайғақта коньки теуіп жүрген ақтөбеліктер енді қармен омбылап жүр
Ақтөбеде комуналдық мекеме жұмысшылары көшелерді қардан тазартып үлгермей жатыр. Өйткені айналдырған үш күн ішінде шаһарды ақ ұлпаға үйіп тастаған.
Автор: Жаңалық Ахаш
26.03.2018
«Қардың басын қар алар» деп шүкіршілік ететін халықпыз ғой. Жер қараятын кезде жауған бұл қардың тасқынға себеп боларын мамандар жасырмайды. Себебі тоң да жібіп, су деңгейі көтеріліп жатыр екен.
Онымен қоса айналдырған үш күн ішінде жауған қар да көп. Қыс бойы мұншама ылғал түспеген шығар. Мамандардың сөзіне сенсек бір жарым айдың көрсеткішіне жетті деп отыр. Ал комуналдық мекеме жұмысшылары көшелерді қардан тазартып үлгермей жатыр. Қазір барлық техниканы осы қардан аршуға жұмсапты. Бір күн ішінде қала сыртына шығарылғаны 225 шекше метр. Бұл жұмысты жеделдетпесе шаһарды су басары сөзсіз. Себебі Ақтөбеде жөні түзу суағар да жоқ. Бәрі ескірген.
Бекболат Нұрышов, Ақтөбе қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы:
-Қазір су ағар арықтарын бәрін қардан тазарту жұмыстары жаппай жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар үлкен каналдар тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір ең қауіпті-қауіпті деген аудан Москва, басқа да аудандарда қар шығарып жатырмыз.
Наурызда жауған қар жергілікті халық үшін таңсық емес. Өйткені аймақта сәуір келмей, жер құрғамайтын. Әйтсе де осы айдағы ауа райы мың құбылды. Алғашқы он күндікте боран соқса, артынша көктайғақ болып, жүрт коньки теуіп кетті. Дегенмен, үйіп тастаған ақ ұлпаға таңдағандар да бар. Олар көрші өңірлерден қонаққа келген меймандар екен. Іргелес Ақтау мен Атырауда және Қызылордада жер әлдеқашан қарайған еді.
Ақтолқын Нұрқасова, Ақтау қаласының тұрғыны:
-Біз Маңғыстауданбыз. Наурыз айының соңындағы қарды бірінші рет көріп тұрмыз. Таң қалдық ең басында көрген кезде. Қар жауады деп ойлаған жоқпыз.
Олар әлі бірнеше күн жауынды болады дегенді айтады. Әйтсе де бүгін күн көзі шығып, қар еріп те жатыр. Комуналдық мекемедегілер жұмысын жеделдетпесе былтырғы жағдай қайталануы бек мүмкін. Өйткені, сәуір айында күн ысып кетіп, қала шетіндегің мыңдаған үй су астында қалған еді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!