Кемерово жұрты Аман Төлеевтің орнынан кетуін талап етіп жатыр
Төлеев тағынан тайсын! Қайғыдан қан жұтқан Кемеровонің халқы аймақ губернаторы Аман Төлеевтің орнынан кетуін талап етіп, алаңға шықты.
Автор: Асқарбек Қазанғап
27.03.2018
Төрт мыңға жуық адам губерния ғимаратына жақын жерге жиналған. Олардың арасында кешегі өртте жанып кеткендердің жақындары бар. Өкініштен өзектері өртенгендердің ашуы қатты. Басу сөздерге құлақ түрер емес. Толқыған халықты тыныштандыруға шыққан Кемерово қаласының мэрі Илья Сердюкті көпшілік жерден алып жерге салды. Ал, өрттен кейін ұшып келіп, шұғыл жиын өткізген Ресей президенті Владимир Путин, апатқа немқұрайдылық пен салғырттық себеп болды деп мәлімдеп отыр. Бейқамдық кесірінен қайғылы жағдайға жол бергендерді анықтауды тапсырды. Сауда үйінің ғимараты негізі 1968 жылы кондитерлік фабрика ретінде салынған. Тек, 2013 жылы ойын-сауық орталығына айналған. Сондықтан, заңбұзушылықтар шаш етектен болуы мүмкін. Қазіргі таңда қаза тапқандар саны 64 адамға жетті, оның 41-і бала. Марқұмдардың денелерін үйінді астынан әлі шығарып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!