Тікелей эфир: Премьер Қазақстандағы сауда орталықтарын тегіс тексеруге пәрмен берді
Кемероводағы жантүршігерлік оқиға бізге сабақ болуы тиіс! Бүгін осылай деген премьер-министр Бақытжан Сағынтаев еліміздегі барлық сауда орталықтарын өрт қауіпсіздігіне шұғыл тексеруге пәрмен берді. Жалпы, Қазақстанда мыңнан астам осындай сауда және ойын-сауық нысандары бар екен. Енді оның барлығы жыл соңына дейін толық тексеруден өтуі тиіс.
Автор: Досжан Маратұлы
27.03.2018
-Сонымен тексерулер қашан басталады?
Жақында басталуы тиіс. Әзірге нақты мерзімдері жоқ. Негізі Төтенше жағдай комитеті орталықтардың тек бекітілген жоспарға сай жылына тек бір рет тексерілетінін айтып қол қусырған. Бірақ, 60-тан астам адамды ажал құштырған Ресейдегі алапат өрт жұртты шошытып отыр. Осы мәселе бүгін Үкіметте де сөз болып, премьер Бақытжан Сағынтаев еліміздің аумағындағы барлық сауда және ойын-сауық орталықтарын дереу тексеріп шығуды қатаң тапрсырды.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР премьер-министрі:
-Біз де бұл төтенше оқиғадан сабақ алуымыз керек. Қазірдің өзінде бұл мәселе әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Блогерлер өздерінің бастамасымен сауда орталықтарына барып, есіктердің ашық-жабық екенін тексеріп жүр. Сол себептен Ішкі істер министрлігі мен өртке қарсы қызмет әкімдіктермен бірлесіп, сауда орталықтарында тексеріс жүргізіп, тиісті шараларды қолға алуы қажет.
Ал, елімізде азаматтар бала -шағасымен киім-кешек алып, кино көруге тамақ ішуге баратын орталықтардың саны мыңнан асып жығылады. Оларды жыл соңына дейін «101» қызметі өрт қауіпсіздігіне түгел тексеруі тиіс. Яғни, апаттық есіктері ашық па? Оқыс жағдай бола қалса қажетті сатылар мен тілсіз жауды ауыздықтайтын құрылғылар мен дабыл белгілерінің бар жоқтығы қаралады.
Владимир Беккер, ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы:
-Оның үстіне Төтенше жағдай комитеті ұсыныс әзірлеп жатыр. Бұл құжат қабылданып жатса, өрт сөндірушілер тексеруді жоспарсыз жүргізетін болады. Ал, қазір бақылау жүргізу тек жоспарға сай. Әрі ғимарат қожайыны бір ай бұрын ескертіледі. Сондықтан оның тексеруге алдын ала дайындалатыны жасырын емес.
Ал, тексеру кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзғандар анықталса, жаппай жазаланады. Оларға алғашқыда 120 мың теңге айыппұл салынады. Егер ережені тағы бұзса, бұл сомма екі еселене түспек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!