Алматы облысында тұрғындар әкімдерін қызметінен қуып кетіре алмай жүр
Аты да, жолы да жоқ ауыл. Алматы облысында мыңға жуық түтін тұратын ауыл жұрты осылай шағым айтып, уәдесінде тұрмайтын әкімді орнынан кетуін талап етті. Ел арасында 13-ші район деп аталып кеткен Алматының дәл іргесіндегі елді-мекеннің көшелері 15 жыл бойы жөндеу көрмеген екен. Тіпті, ашынған халық өзгеге қырын қараған ауыл әкімі өз көшесіне асфальт төсеткізіп алғанын айтуда
Автор: Мақсат Мәлік
27.03.2018
Ашынғанда шығады ащы даусым деп, айқайға басқан жұрт жергілікті биліктен күдер үздік дейді. Себебі, ел аузында «13-ші район» атанып кеткен аты жоқ ауылдың сиқы адам шошырлық қалыпқа түскен. Ойдым-ойдым жолдан еңсесі қашқан қараша, әбден қажығандарын айтады.
Роза Жақаева, Алматы облысының тұрғыны:
-Бәрі сандалып жүр. Ешкім бізге көңіл бөлмейді. Жолымыз мынау, Балаларды мектепке апара алмаймыз. Кәрі кісілер құлап жатыр. Талай суға құладық, батпаққа құлады.
Хамитбай Бисенов, Алматы облысының тұрғыны:
-Қонақ та келмейді, машинасы бар. Көшелерің жаман дейді. Бір ғана Исағұлова бар, қалғанының аты да жоқ.
Жиналғандардың жөні түзу көшеге жарымағынына 15 жылдан асыпты. Ең сорақысы, аты жоқ ауылға көлікпен кіріп-шығатын бірде-бір жол жоқ. Сондықтан, әрі-бері қатынағанда әлдекімге 100 теңгеден төлеуге мәжбүрміз дейді тұрғындар.
Рысбек Атажанов, Алматы облысының тұрғыны:
-Мына жақта "Алтын орда" базары, олар жауып тастаған. Шықсақ та ақша төлейміз, кірсек те ақша төлейміз. Өз үйімізге өзіміз ақша төлеп кіреміз.
-Ал, мына біз тұрған жер әкімнің тегімен аттас Атшабар көшесі. Тұрғындардың айтуынша, тура осы жерде әкімнің үйі орналасқан. Асфальтталған жол тақтайдай теп-тегіс. Алайда, ауылдық округ басшысының әрекеті өз көшесін жөндеуден аспады деп ашуға мінген халық, өзгеге келгенде көңілі неге тарылатынын түсінбейміз дейді.
Бір қызығы, былтыр ауыл әкімі жол жөндеуге 9 миллион теңге бөлінді деп бір қуантып тастапты. Бірақ, соңында соқыр тиын көрмедік дейді тұрғындар. Ал, аузымнан ондай сөз шықпады деп ақталған әкім, онсыз да төзімі таусылғандарға күте тұруға кеңес берді.
Қадырбек Атшабаров, Іргелі ауылдық округінің әкімі:
-9 миллионды айтқан жоқпын. Оның бәрін демеушінің арқасында жасап беремін дедім. Қазір енді күте тұрыңдар. Көктем енді келді ғой.
Ауыл әкімі кезекті уәдесін үйіп-төккенімен, тұрғындар сертінен сырғақтайтын басшыға сенбейтіндерін жасырмады. Демек, 15 жылға жалғасқан даудың тағы қаншаға созылатынын ешкім білмейді. Ал, әкімнің сұрқы қашқан көшемен бір өтуін өтінген халық, мәселеміз шешілмесе Президенттің атына хат жазамыз дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!