Қазақстанда қалай инвестор атануға болады?
Қазақстандықтардың енді бағалы қағаздарды үйден шықпай-ақ электронды түрде сатып алуға мүмкіндігі бар. Ұлттық банк Инвест онлайн жүйесін іске қосты. Оның артықшылығы неде? Бір жылда қанша пайда табуға болады?
Автор: Асқарбек Қазанғап
27.03.2018
- Енді сіз бен біздің өз мамандығымыздан бөлек қосымша инвестор атануға мүмкіндігіміз бар. Ол үшін қолыңызда смартфон, карточкаңызда ақшаңыз болса жеткілікті. Инвест онлайн - бағалы қағаздарды алып-сатудың жүйесі. Шоттағы ақшаңыз өгіз аяң жүріспен болса да, күн санап өсіп отырады. Тіркелгеннен кейін әр клиентке дербес шот пен электрондық әмиян ашылады.
Жүйе тәулік бойы «кірпік қақпай» жұмыс істейді. Кез келген уақытта бағалы қағаздарға инвестиция жасай аласыз. Бір артықшылығы, сыйақы күн сайын есептеледі. Ал, есеп айырысу Ұлттық банктің электронды ақшасымен жүзеге асырылады. Ұлттық банк бір жарым жыл бойы толғатқан бұл бастамаларының басты мақсаты халықтың қаржылық сауаттығы мен қызығушылығын тексеру дейді.
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
-Жүйе тәулік бойы жұмыс істейді. Ешқандай комиссия алынып, салық салынбайды. Өйткені, онлайн сатылымға шығарылып отырған Ұлттық Банктың ноталары мемлекеттің құнды қағазы болып саналады. Операцияларды жүзеге асыру үшін блокчейн технологиясын қолданамыз.
Жылдық табыс мөлшерлемесі-8,5 пайыз. Яғни, қанша теңге құйсаңыз да ұтылмайсыз. Кіріс кіретініне 100 пайыз кепілдік бар. Және кез келген уақытта бағалы қағаздарыңызды онлайн сатылымға шығара аласыз. Жаңашылдыққа күмәнмен қарайтын көпшіліктің бұл жүйені қаншалықты қолдарын әзірге болжау қиын. Бәлкім, Инвест онлайн сәтті жүзеге асса, онда Ұлттық холдингтер өз акцияларын да осы жүйе арқылы сатылымға шығаруы мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!