Сағынтаев сауда орталықтарының қауіпсіздігін өз бетімен тексеріп жүрген адамдар жайлы айтты
Кемеровадағы бұл жантүршігерлік оқиға бізге сабақ болуы тиіс! Бүгін осылай деген премьер-министр Бақытжан Сағынтаев еліміздегі барлық сауда орталықтарын өрт қауіпсіздігіне шұғыл тексеруге пәрмен берді. Жалпы, Қазақстанда осындай сауда және ойын-сауық нысандары жүздеп саналады. Енді оның барлығы толық тексеруден өтуі тиіс.
Автор: Досжан Маратұлы
27.03.2018
Негізі бұған дейін Төтенше жағдай комитеті орталықтардың бекітілген жоспарға сай жылына тек бір рет тексерілетінін айтып қол қусырған.
Өйткені, елімізде бизнес нысандарын албаты тексеруге заңмен тыйым салынғаны. Бірақ, 60-тан астам адамды ажал құштырған Ресейдегі алапат өрт жұртты шошытып отыр. Сондықтан тұрғындардың өздері сауда ғимараттарында өрт қауіпсіздігінің қаншалықты сақталғанын ұялы телефондарына түсіріп, біраз орталықтың былығын жария етіп жатыр. Сондықтан мәселе ушығып кетпесін деді ме, бүгін іске премьердің өзі араласты.
БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
-Біз де бұл төтенше оқиғадан сабақ алуымыз керек. Қазірдің өзінде бұл мәселе әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Блогерлер өздерінің бастамасымен сауда орталықтарына барып, есіктердің ашық-жабық екенін тексеріп жүр. Сол себептен Ішкі істер министрлігі мен өртке қарсы қызмет әкімдіктермен бірлесіп, сауда орталықтарында тексеріс жүргізіп, тиісті шараларды қолға алуы қажет.
Ал, Қазақстанда азаматтар бала -шағасымен киім-кешек алып, кино көруге тамақ ішуге баратын орталықтардың саны мыңнан асып жығылады. Оларды жыл соңына дейін «101» қызметі өрт қауіпсіздігіне түгел тексеруі тиіс. Яғни, апаттық есіктері ашық па? Оқыс жағдай бола қалса қажетті сатылар мен тілсіз жауды ауыздықтайтын құрылғылар мен дабыл белгілерінің бар жоқтығы қаралады.
ВЛАДИМИР БЕККЕР, ҚР ІІМ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:
-Оның үстіне Төтенше жағдай комитеті ұсыныс әзірлеп жатыр. Бұл құжат қабылданып жатса, өрт сөндірушілер тексеруді жоспарсыз жүргізетін болады. Ал, қазір бақылау жүргізу тек жоспарға сай. Әрі ғимарат қожайыны бір ай бұрын ескертіледі. Сондықтан оның тексеруге алдын ала дайындалатыны жасырын емес.
Ондай ғимарттың иесі жазаланады. Яғни, алғашқыда 120 мың теңге айыппұл салынады. Егер ережені тағы бұзса, бұл сома екі еселене түспек. Бірақ, орталық басшылары қазірден кемшіліктерін жойып, тексеріске әзірлікті бастапты. Мәселен, бүгін баспасөз жиынын өткізген ірі орталық желісінің қожайыны бұған дейін апаттық есіктерді қыс мезгілінде жауып келгенін мойындады. Енді клиенттердің қауіпсіздігіне бей-жай қараған бизнесмен ережені бұзбаймыз деп сендіріп отыр.
НҰРЛАН СМАҒҰЛОВ, САУДА ЖӘНЕ ОЙЫН-САУЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ЖЕЛІСІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:
-Астанадағы ғимараттың апаттық есігін қыста жауып тастағанымыз рас. Өйткені, аязда суық кіреді. Бірақ, енді үнемі ашық болады. Егер жабық тұрса, менеджерге хабарласып, мені «өтірікші екен» деп айтсаңыздар болады.
Былтыр жүргізілген ревизия кезінде 20-дан астам орталықтың өртке қарсы талаптарды бұзғаны анықталыпты. Оның басым бөлігі Астана мен Алматы қалаларында екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!