Кемероводағы алапат өрттен көз жұмған Павлодар тұрғынын әріптестері еске алды
Ресейдің Кемерово қаласындағы жантүршігерлік оқиға салдарынан Павлодар тұрғыны мен оның немерелері көз жұмған. 57 жастағы Марина Баранова еңбек демалысына шыққан соң сонда тұратын қызына қонаққа барған екен.
Автор: Әйгерім Шакаманова
27.03.2018
Кейін өрт болған «Зимняя вишня» сауда орталығында қызы және үш немересімен бірге қыдырыпты. Ондағы ойын орталығынан шыққан өрттен Марина Баранова мен оның қызы Наталья Устинова және үш немересі қаза тапқан. Ол Ресей азаматтығын алғанымен, Павлодарда жұбайымен тұрып, сонда жұмыс істепті. Қайғылы жағдайды естіген күйеуі қазір Кемероваға жеткен. Марқұмдар ертең жерленеді екен. Естеріңізге салсақ, 25-ші наурызда Ресейдің Кемерово қаласындағы ойын-сауық және сауда орталығында өрт шығып, 64 адам қаза тапқан болатын. Соңғы мәлеметтерге қарағанда оның 41-і бала. Ал, өрттен кейін Кемероваға ұшып барып, шұғыл жиын өткізген Ресей президенті Владимир Путин, апатқа немқұрайдылық пен салғырттық себеп болды деп мәлімдеді. Бейқамдық кесірінен қайғылы жағдайға жол бергендерді анықтауды тапсырды. Ал Марина Баранова «Павлодар-Водоканал» мекемесі техникалық бақылау бөлімінің басшысы болып істеген.
Раиса Шмит, марқұм Марина Баранованың әріптесі:
– Сол жерде әріптесіміздің көз жұмғанына сене алар емеспіз. Қызы мен немерелері де қайтыс болған деп естідік. Өте өкінішті, әрине. Осында бірге істеген әріптесі әрі құрбысы жерлеу рәсіміне барады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!