Төтенше жағдай: ШҚО-да тағы бір ауылды топан су басты
Шығыс Қазақстан облысында тасқын қаупі әлі де сейілер емес. Қызыл су енді Шемонаиха ауданына қарасты Жоғарғы Үбі ауылына жетті. Мұндағы арнасынан асқан өзен 70-ке жуық үйді басып қалды. Ал, құтқарушылар 65 адамды қауіпсіз жерге көшіріп үлгерді. Өкінішке қарай, жағдайды ауыл маңындағы арналарынан асқан бірнеше жылғаның да одан әрі ушықтырып тұрған жайы бар. Қазір ауылда төтенше жағдай жарияланған. Әкімдіктегілердің айтуынша, олар өзеннің таситынын білгенмен, көлемі тап осындай болады деп ойламаған көрінеді.
Автор: Жанар Низамутдинова
27.03.2018
Қызыл су Жоғарғы Үбіге кеше кешкілік лап қойған. Мұздың кептелісінен әрі жаңбыр салдарынан арнасынан шыққан Үбі өзені бірнеше көшенің бойындағы үйлерді басып қалыпты. Кей жерлерде су деңгейі бір метрге дейін жеткен. Ресми ақпарат 68 үй мен 51 ауланы су басқан деп отыр. Қатты келген мұз аралас су кей шарбақтарды құлатып кеткен. Жергілікті әкімдіктегілер қазір зардап шеккендердің тізімін жасап, оларға көмек көрсету мәселесін қарастырып жатырмыз дейді.
Валерий Фещенко, Жоғарғы Үбі ауылдық аймағының әкімі:
-Жергілікті жерде төтенше жағдай жарияланып отыр. Сондықтан ешкім де назардан тыс қалмайды. Сондай-ақ, жұмыспен қамту орталықтарымен біріге отырып, материалдық көмек көрсету жағы да қарастырылып жатыр. Оның мөлшері кейін белгілі болмақ.
Бірақ, дүние-мүлкінің тоналуынан қауіптенген кейбір тұрғындар ештеңеге қарамастан, су толы үйлеріне оралып, өз беттерінше әрекет етіп жатыр. Құтқарушылар оларға психологиялық көмек көрсетіп, азық-түлік жеткізуде.
Анастасия Скляр, ШҚО ТЖД баспасөз хатшысы:
-Жағдай тұрақталды деп айтуға болады. Кейбір адамдар үйлеріне қайта бастады. Ал өзгелері құтқару бекеттеріне орналастырылды. Тума-туыстарына кеткендері де бар. Құтқарушылар негізінен осы Шемонаиха мен Глубокое аудандарында жұмыс жүргізіп жатыр. Бірақ Қатонқарағай мен Зырян аудандарын да бақылауда ұстап отырмыз.
Қазір судың беті қайтқанымен, төменгі жақта орналасқан 10 үй әлі де суда тұр. Жалпы Шығыс Қазақстан бойынша, құтқару бекеттеріне 100-ге жуық адам орналастырылса, 900-дейін тума-туыстарына кеткен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!