Тікелей эфир: Адвокаттар коллегиясында ондаған жыл тапжылмай отырған төрағалардың басына күн туды
Әділет министрі адвокаттық қызмет туралы заңға өзгеріс енгізіп, бүгін Мәжіліске алып келді. Жаңа құжатқа сай, енді заңгерлер ұйымына бір адам 4 жылдан артық жетекшілік ете алмайды. Ал адвокат болудың шарттары керісінше, жеңілдейді.
Автор: Жәудір Оразхан
28.03.2018
-Әділет министрлігі адвокаттарға қандай жеңілдіктер жасамақ?
Қазіргі тәртіп бойынша, заңгер алдымен адвокаттар коллегиясына 800 мың теңге төлеп, ұйымның мүшесі болады. Содан кейін ғана лицензия алып, сотқа араласады. Бұл талап, әсіресе, жас мамандар үшін ауыр тиюде. Енді Үкімет бастапқы жарнаны мүлдем алып тастамақ. Өйткені, елімізде қорғаушылар тапшы. Бүгінде небары 4700 адвокат жұмыс істеп жүр екен.
Марат Бекетаев, Әділет министрі:
-Алғашқы жарналардың алынып тасталуы адвокаттық мамандыққа жас заңгерлердің кіруіне, адвокаттардың арасындағы бәсекелестікті күшейтуге және олардың санының артуына мүмкіндік береді. Екінші, Қазақстанда адвокаттармен көмегімен көрсетілетін кәсіби қызметтердің сапасын тиімді бақылау жоқ. Әр адвокаттың қашан және не үшін жауапқа тартылғаны туралы ашық ақпарат жоқ.
Бекетаев адвокаттардың жұмысын қадағалайтын тәртіптік комиссия құруды ұсынды. Оның құрамына адвокаттар, судьялар мен Әділет министрілгінің қызметкерлері кіреді екен. Депутаттар бұл комиссияға шенеуніктердің араласуын аса қолдай қоймады.
- «Pro bono» жүйесі жайлы айтып кетсең. Ол қалай жұмыс істемек?
Жаңа заң жобасында әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға заңгерлік қызмет тегін көрсетіледі деп жазылған. Оны «Pro bono» деп атайды. Яғни, заңгерлер белгілі бір топтағы азаматтарды сотта ақысыз қорғайды. Оны Адвокаттар коллегиясы қаржыландырады
Сондай-ақ, Үкімет адвокаттар қызметіне тариф енгізбек. Сонда клиент заңгерден орташа бағаны талап ете алады. Әйтпесе, қазір қорғаушылар ойына келген соманы айтады дейді министр. Тағы бір айта кететін жағдай, енді адвокаттар коллегиясын басқару мерзіміне шектеу қойылады. Ондаған жылдар бір жерде табжылмай отырғандардың орнынан қимылдауына тура келеді деген сөз.
Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс спикері:
-Біз заңгерлік қызметтің сапасы төмен деп жиі айтамыз. Ол қайдан жоғары болсын? Аймақтардағы авдокаттар коллегиясының тізгінін белгілі адамдар иеленіп алған. Мәселен, Маңғыстау облыстық президиумның төрағасы 25 жылдан бері отыр. Алматы облысында 27, Атырау облысында 31, Ақтөбеде 33 жылдан бері басшы ауыспаған. Бұл бәсекелестіктің мүлдем жоқтығын көрсетеді.
Жаңа құжатқа сай, адвокаттар коллегиясын бір адам 4 жылдан артық басқара алмайды. Заң жобасын бүгін Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады. Депуттар оны әлі талқылап, екінші оқылымда тағы қарайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!