Тікелей эфир: Шығыста енді Түйемойнақ аралын топан су басып қалды
Шығыс Қазақстанды тасқын шыр айналдырды. Енді Семейде Ертіс өзенінің деңгейі аяқ астынан көтеріліп, Түйемойнақ аралын топан су басып қалды. Жергілікті билік тұрғындарды жаппай көшіріп жатыр. Апат аймағындағы дәл қазіргі жағдайды аталған өңірдегі тілшіміз Ұлан Нұрахмет айтып беруге дайын.
28.03.2018
-Дүйім жұртты қас-қағым сәтте дүрліктірген Түйемойнақ аралындағы тасқынға құтқарушылар қаншалықты тосқауыл қоюда?
Тасқынға қаншалықты тосқауыл қойылғанын білмеймін, бірақ Түйемойнақ аралына апаратын жалғыз күре жолға тосқауыл қойылғаны анық. Көпірдің алдында тұрған полиция қызметкерлері ұшқан құстан өзгені өткізбей жатыр.Ал жергілікті билік қандай да бір мәлімет таратуға асығатын емес.
Дегенмен, облыстық төтенше жағдай департаментінен жеткен ақпарат бойынша, мұндағы шамамен 50 шақты баспананың әзірге біреуі ғана топан судың астында қалған. Ал өзеннің деңгейі жылдағыға қарағанда биыл тым көп екен. Соның салдарынан биологиялық орталық пен кафелерге де қауіп төніп тұр. Енді жұртты құтқаруға жұмылдырылған 20 адам мен 10 бірлік техника тасқынға тосқауыл болуға тырысуда. Олар су шайған аймақтарға инерттік матиралдар тасып жатқан көрінеді. Әзірге, 96 тұрғын баспанасын тастап бас сауғалауға мәжбүр болды. Олар жергілікті екі қонақ үйге жеткізілген. Қазір шаһардың көгінде қалықтап жүрген тікұшақ тасқынның қаупін бақылауда .
Өйткені қызыл су жалғыз Түйемойнақ аралына ғана емес, Ертіс өзеніне жақын орналасқан Мирный және Шығыс кентін де басып қалуы мүмкін. Сондықтан, ондағы жұртқа да құжаттары мен жылы киімдерін әзірлеп дайын отыру жөнінде ескерту жасалды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!