Алматыда элиталық үйлердің бірінде дәретхана үшін қырғын басталды
Байлар да жылайды! Алматыда «Столичная недвижимость» атты элиталық көпқабатты үйдің тұрғындары холлдағы дәретхана үшін мердігер компаниямен соттасып жүр. Айтуларынша, өздеріне тиесілі 34 шаршы метр екі әжетхананың орнына жекеменшік фитнес-студия салынған. Мердігер компания болса тұрғындардың наразылығын еріккеннің ермегіне балады. Жекеменшікке өткен аумақтың құжаттары да заңды екен.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
28.03.2018
Бұл Алматы қаласындағы «Столичная недвижимость» элиталық көп қабатты үйі. Бай-бағландар тұратын үйге бас сұқсаңыз құдды бір хан сарайына кіргендей күй кешесіз.
-Алайда, осынау үй тұрғындарынан бүгінде маза қашқан. Себебі, мына кіреберісте бұрын аумағы 34 шаршы метрлік екі дәретхана болыпты. Қазір олардың орнына фитнес-студия салынған. Ал, бұған наразы жұрт кіріп-шығу қиындады деп байбалам салуда.
Наразы топ дау болған жерге сот өкілдерін де шақыртты. Ақ жағалылар келісімен бай-манаптар арыз-шағымдарын айтып жарыса жөнелді. Екінің бірі ала алмайтын элиталы үйді сатып алғандарға мердігер компания әу баста қонақ үй, тойхана, кино залы, холл және дәретхана болады уәде еткен екен.Үш жылдан бері коммуналдық қызметті қымбат төлеп келдік деген тұрғындар әжетхананы қайтарыңдар деп талап қойды.Әйтпесе, мердігер компанияның былықтарын әшкере қыламыз дейді.
Елена Балюк Алматы қаласының тұрғыны:
-Біздің келісімімізді алмай кәсіпкерлер тұрғын үйдегі аудандарды жекеменшікке өткізіп жіберуді әдетке айналдарды. Осылай жалғаса берсе аулаға да зар болып қаламыз. Бұл істі аяқсыз қалдыруға болмайды. Тұрғындарды әбден басынды. Талабымызды орындамаса, соңына дейін соттасамыз.
Ал, мердігер компанияның өкілдері соттасуға дайынбыз дейді. Айтуларынша, жиналғандардың наразылығы еш қисынға келмейді. Себебі, холда салынған фитнес-студияның құжаттары заңды деп отыр.
Елена ЖИГАЛЮК АДВОКАТ:
-Тұрғындардың талап-шағымдары негізсіз. Біз заңға бағынамыз. Тиісті құжаттарымыз да бар. Бұл коммерциялық аумақ мердігердің меншігінде. Оны жалға беруге немесе сатуға оның толық құқығы бар. Ақшаң көп болса, ойыңа келгенді істеу керек деген сөз емес.
Осылайша, дәретхананы жекеменшікке берген мердігерлер сүттен ақ, судан тазамыз деп ағынан жарылды. Ал, үйді іргетасы қаланбай тұрып сатып алған тұрғындар келісімшарттағы шикіліктерді толығымен дәлелдейміз деп тарқасты. Қай тарап кінәлі екені соттан кейін белгілі болмақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!