Ақмола облысында танымал жазушының үйі таласқа түсіп жатыр
Бурабайда кезінде белгілі жазушы Сәкен Жүнісовке жергілікті атқамінерлер сыйға тартпақ болған 3 қабатты зәулім үйдің құрылысы аяқталмай, бүгінде тіпті қараусыз қалған. Енді жерлестері бұл ғимарат мұражайға айналуы керек еді деп отыр. Ол қаламгердің өзінің де арманы болған екен. Бірақ мұрагерлері де іске жаратпаған жазушының үйі қазір талан-таражға түсіп, ойраны шығып жатыр.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
28.03.2018
-Ғимарат табиғаты тамылжыған Бурабай мен үлкен Шабақты көлін жалғап жатқан Күркіреуік өзенінің бойында орналасқан. Әдебиеттің қай жанрында болсын көсіле қалам тербеген Сәкен Жүнісов әу баста осы жерді өзі таңдапты. Сондағы арманы – әсем жерде отырып әлі талай туындыны жазу болған.
Бұл осыдан 25 жыл бұрын қолға алынған құрылыс екен. Сол кезде облыс басшылары Бурабай баурайынан жазушыға 3 қабатты коттедж салып бермек болған. Кейіннен уәде берген басшылар ауысып, ақыры үй құрылысы аяқталмай қалыпты. Еңселі ғимарат құрлысын содан кейінгі басшылар да бітірмек болған. Алайда қазіргі қалпы – мынау. Талан-таражға түсіп, терезе, тақтайлары жұлынып, астан-кестеңі шыққан. Ал Сәкен Жүнісов бұл үйді о бастан-ақ жеке меншігі еткісі келмепті. Халық игілігіне жарар мұражай болуын қалаған. Бірақ 72 жасында дүние салған жазушы ол күнге жете алмады.
Толымбек Әбдірайым, жазушы:
-Ары-бері өтіп, көріп жүреміз ғой, жүрегім ауырады. Аңғал-саңғал. Енді дәл осылай 3-4 жыл өтсе, түк те қалмайды ғой? Сұмдық қой! Сәкен ағамен біраз жылдар араластық ағалы-інідей болдық. Өзі айтты Сәкен Жүнісовтің мұражайы болғанымен, ол тек Сәкен сері емес, қазақ жазушыларының мұражайы болады деді.
Кезінде Сәкен сері атанған жазушының арманы әзірге орындалар емес. Табиғаты жан сүйсінтер Бурабай курортты аймағының кереметтей сұлу мүйісінде оның мұражайы тұрса, туристерге де мақтанышпен көрсетуге болар ма еді.
Қуаныш Шақшақов, Ақмола облыстық тарихи өлкетану мұражайының директоры:
-Тарихи мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығында жұмыс істегенде осы сұрақ туындаған еді. Сол кезде шығып, осы обьектінің жағдайын көріп,әкімдікпен кездескенде белгілі болды. Оның қазіргі госактісі бар, бірақ эксплуатацияға тапсырылмаған.
Ғимараттың мемлекеттік актісі Сәкен Жүнісовтың атына жазылған екен. Бірақ әділет бөлімінде тіркелмепті. Жазушының балалары мен туысқандары мұрагер ретінде осы істі жалғастыруы керек еді. Алайда Алматыда тұратын олар ғимаратты осы күнге дейін не өздері меншіктемеген, не мемлекетке тапсырмаған. Ал қазақ әдебиетінен ойып тұрып орын алатын, артында «Ақан сері», «Аманай мен Заманай» сияқты тамаша туындыларды қалдырған қаламгердің атында бір мұражай керек-ақ дейді Сәкен серінің көзін көрген қаламгерлер.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!