Оңтүстік Қазақстанда 7 жасар қыз бала іздестіріліп жатыр
Сарыағаш ауданындағы нағашыларына қыдырып барған 1-сынып оқушысы Инабат наурыздың 26-сында көшеге ойнауға шығып, ізім-қайым жоғалған. Бүгін іздестіру шараларының жүргізіліп жатқанына үшінші күн. Жүзден астам еріктілер, полиция мен құтқарушылар шарқ ұрып іздегенімен, әзірге ешқандай ілік жоқ.
28.03.2018
-Ақниет ауылында үш күннен бері маза жоқ.Мұнда құрбыларымен ойнауға шыққан жеткіншек ұшты-күйлі жоғалды. Құзырлы органдар мен еріктілерден топталған жүзден астам адам қазір 7 жасар Инабатты шарқ ұрып іздеп жатыр.
1-ші сыныпта оқитын Инабат Мұхтарқожа көктемгі каникулда Арыс ауданынан осы Сарыағаштағы нағашыларына қыдырып келген. Ауылдағы өзімен құрдас қыздармен ойнауға шыққан жеткіншекті түскі асқа шақыруға шыққан ересектер таппай қалады. Содан бері бүкіл туыстары боп іздеп, бармаған жері қалмапты. Уақыт өткен сайын тағаты таусылып жатқан туыстары енді балгерлерді жағалап жүр.
Сәлия Далбаева, Инабаттың әжесі:
-Барған жеріміз, әйтеуір, балдарың аман-есен жүр, бір кемпірдің қолында дейді. Ол қандай кемпір екенін білмейміз, әйтеуір.
Қыз жоғалғаны туралы естіген ауылдастардың бәрі тайлы-тұяғы қалмай Инабатты іздеп жүр. Арысы 20 шақырым жердегі Абай мен аудан орталығы Сарыағашқа дейін жеткіншектің фотосын ілген екен. Құтқарушылар мен полицейлерде екі күннен бері тау-тасты тінтіп жатыр.Көмекке көршілес Шардара ауданынынан 5 сүңгуір тартылған. Олар ауылдың іргесінде ағып жатқан Кескен арығының 30 шақырымын сүзіп шығыпты. Мамандардың жұмысы жеңілдеу үшін арықтың суын да жауып тастаған екен. Бірақ нәтиже болмады. Қыз судан табылмаған соң полицейлер үй-үйді аралап, иісшіл иттермен тінтіді. Баспаналардың жертөлесі мен шатырын, сарайына дейін ақтаруда. Мұндағы ауылдардың біріне жапсарлас орналасқанын ескерсек, жергілікті тәртіп сақшылары жұмысының ұзаққа созылатын түрі бар.
Әлия Құралова, Құркелес ауылдық аймағы әкімінің орынбасары:
- 200-ге тарта еріктілер жұмыс істеп жатыр. Енді үмітіміз үлкен Құдай қаласа табылады деген. Көрші ауылдардың барлығына суреті ілініп, күніне 24 сағат жұмыс істеп жатырмыз.
Іздестіру шаралары әлі де жалғасады. Өйткені құтқарушылар жұмысты он күнге дейін жүргізуге міндетті. Сондай-ақ, қыздың жақындары да қарап отырмайтынын айтуда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!