Талғарда мүгедек баланы азаптап өлтірді деген күдікке ілінген келіншек изоляторға жабылды
Мүгедек баланың азапты қазасынан соң Алматы облысындағы мүгедектер үйінің басшысынан бастап сол түні кезекшілікте болған тәрбиешілерге дейін түгел жұмыстан шеттетілді. Арада тоғыз күн өткеннен кейін енді қимылдай бастаған шенеуніктер осылай шара қолдануға көшті. Десе де бұл орталық қызметкерлері жөніне жіберіледі деген сөз емес. Мекемеде жатқан баланы азаптады деп айыпталып жатқан әріптестеріне қатысты тергеу аяқталмайынша, тәрбиешілердің қаладан кетуіне қатаң тыйым салынған. 8 жасар Мұхамеджанның азапты өліміне қатысты істі балалар омбудсмені әрі Мәжіліс депутаты Зағипа Бәлиева да...
Автор: Аруна Ортай
29.03.2018
бақылауына алыпты.
Жар дегенде жалғыз баласының ажалы жайлы ащы шындықты білген ата-ана қайғыдан қан жұтып тұрса да амал жоқ тергеушілерге келген. Өйткені, бұған дейін іс материалдарында бала жүрек талмасынан өлді деп жалған мәліметтерге сүйеніп жазылған екен. Ал әлжуаз жеткіншекті азаптап өлтірді деп айыпталған күтуші Мейіргүл Жалымова да осы Ішкі істер бөлімінінің жертөлесінде уақытша ұстау абақтысында жатыр. Болған оқиғаны жасырғысы келді деп күдікке ілінген оның басшысы мен сол түні қасында болған әріптестері жаппай жұмыстан шеттетіліп жатыр.
Ғалымұрат Жүкенов, Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы:
-Бүгінгі таңда аталған орталықтың сол түні кезекшілікте болған қызметкерлерді және басшылықты уақытша жұмыстан аластату мәселесі қозғалуда.Талғар ауданындағы «Аяла» әлеуметтік және арнайы қызмет көрсету орталығындағы орын алған оқиғаға байланысты Алматы облысы әкімдігі мәселені жіті назарына алды.
Тоғыз күн өткенде ғана барып енді шара қолдана бастаған шенеуніктер осылай ақталды. Ал баласын жоқтап жылаған Зарина Құттықожаеваның кешегі зары Парламентке де жеткен екен. Кезекті бала өлімін естіп шошыған Зағипа Бәлиева кабинетінен тікелей Талғардағы полиция басшысына хабарласыпты.
Зағипа Бәлиева, Мәжіліс депутаты:
-Бала өлімі туралы естіген бойда жергілікті Ішкі істер бөлімінің басшысының өзімен сөйлестім. Әкімдіктен де болған жайтты анықтап сұрадық. Отбасыны көмексіз қалдырмаймыз. Бірақ әрине баланың орнын ол толтыра алмайды.
Ал қайғылы оқиға болған күні кезекшілікке үш бірдей күтуші қалыпты. Бірақ неге екені белгісіз сол түні балалардың жанында әлгі күдікті әйел ғана болған. Қалғандары балалар бөлмесіне болары болған соң бір-ақ жеткен. Яғни, түннің ортасында қалған тәрбиешілердің қайда жүргені беймәлім күйде қалып отыр. Ал баланы тұншықтырып өлтірді деп күдікке іліккен 30 жастағы келіншек Өзбекстан тумасы екен. 3 баласы бар әйел қылмысын мойындап, бала мазасын алып қоймаған соң оны осылайша тыныштандырмақ болғанын айтқан.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!