Астанада жұмыс табу неге қиын?
Астана жұмыссыздық көрсеткіші бойынша басқа өңірлердің арасында көш бастап тұр. Әрине, қуантатын статистика емес. Бір жылдың ішінде елордада жұмыссыздардың саны шамамен 7 пайызға бір-ақ өскен. Оған не себеп?
Автор: Асқарбек Қазанғап
02.04.2018
Көбіне жетістігімен аламанның алдын бермейтін Астана бұл жолы абыройсыз статитистиканың басында тұр. Ит жылында итшілеп, екі қолға қолға бір күрек таппай бас қалада бастары қатқандардың қарасы көбейген.Энерджипром сайтының мәліметінше , Астанада бір жылдың ішінде жұмыссыз сандалғандардың саны шамамен 7 пайызға дейін артқан.
Сарапшылар Астанада халық саны күн санап өскенмен, жұмыс орны соғұрлым артпайтынын айтады. Яғни, елордада тіркелгендердің дерліктей бәрі қызметке орналасып кетеді деу қиын. Көбіне арман жетегінде жеткен 19-28 жас аралығындағы жастар өз мамандығымен жұмыс таппағасын күнкөрістің қамымен басқа салаға баруға мәжбүр. Болмаса қайранда қалған қайықтың күйін кешеді. Әлеуметтанушылардың да ойы осыған саяды.
Исатай Мінуаров, әлеуметтанушы:
-Еңбек нарығына келген адамдар жоғары квалификациясы, яғни кәсіби деңгейді талап ететін жұмысқа орналасқысы келеді. Бірақ, бәсекелестіктің жоғарылығына байланысты көбісі бір проблемаларға тап болады. Еңбек биржасы ұсынатын жұмысты көбінесе жастар қаламайды. Себебі,ол сантехник, тәжірибені талап етпейтін жұмыстар болуы мүмкін.
Елдегі жалпы жағдайға тоқталсақ. Ақпандағы ақпарат бойынша жұмыссыздардың саны 440 мыңға жетіп жығылған. Бірақ, былтырғымен салыстырғанда 0,4 пайызға кеміген. 2017 жылдың қорытындысы бойынша елдің жеті өңірінде жұмыссыздық деңгейі төмендеген. Ең жақсы көрсеткіш Қарағанды облысында. Орталықтың атқамінерлері жұмыссыздықты жеті пайызға дейін қысқартқан. Қостанай, Ақмола облыстары да үздік үштікте. Бірақ, бір қызығы Экономика министрлігінің мәліметі бөлек. Олардың есебінше, Қазақстанда 70 мың адам жұмыссыз. Оның жартысынан астамы әйелдер. Ал жасы 15-тен асқан 8 миллион 600 мың адам жұмыс істеп, нан тауып отыр екен. Министрліктің мәліметтеріне қарасақ, жұмыссыздар саны барлық еңбекке қабілетті азаматтардың бір пайызына да жетпейді екен.
Кімнің жұмыссыздық статистикасын асырып, кімнің жасырып отырғанын түсіну қиын. Министрліктің мәліметі тәуелсіз сарапшылардың ұсынған көрсеткішінен бес есеге кем.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!