«Кел, келінім!» КТК-да 3 сағатқа созылатын жаңа реалити шоу эфирге шығады
КТК-ның көктемгі тартуы! Арнамыз бұл жолы Қазақстанда бұрын-соңды болмаған реалити-шоу ұсынбақ. «Кел, келінім!» деп аталатын жаңа жоба дүйсенбіден бастап көрсетіледі. Онда сұр бойдақтар өздеріне өмірлік жар таңдайды. Ал, қыздар жағы жігіттердің жүрегінен орын таппас бұрын енелердің қатал сынағынан өтуі тиіс.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
03.04.2018
«Кел, келінім!». Бұл сұр бойдақтар мен тұрмыс құрмаған бойжеткендер алаңы. Болашақ жарын ел алдында таңдауға бар-жоғы 4 жігіт мүмкіндік алған. Олар бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Түр-келбеттері, мінездері, тіпті, өмірлік ұстанымдарына дейін әртүрлі. Ал, қызға қоятын талаптары бір-бірінікінен асып озады.
Қыздар жағы осындай бойдақтардың қалыңдығы атану үшін өзара бақ сынаспақ. «Кел, келінімге» күйеу іздей келген бойжеткен санында есеп жоқ. Алайда, болашақ енелердің көңілін тапқан 8 ару ғана жобаны әрі қарай жалғастырады. Бұл бағдарламаның ерекшелігі де сол: қалыңдық алдымен болашақ енесінің жүрегін жаулап алуы керек.
- Иманды, қарапайым, тәрбиелі, жақсы отбасынан шыққан болса деп ойлаймын.
Соңында жігіттер жүрек қалауын тауып, арты тойға ұласуы тиіс. Расымен, осы жобада бойдақтар қатары кеміп, бақытты отбасы саны арта ма?! Оны уақыт көрсетпек. Өйткені, реалити-шоу болғандықтан, күтпеген жағдайлар жиі орын алады. Мұнда махаббат та, қызғаныш та, реніш те болады.
Жаңа реалити-шоу тоғызыншы сәуірден бастап көрсетіледі. Эфир уақыты дүйсенбі-жұма аралығында күндізгі сағат 3-тен 6-ға дейін. Ал, қыз таңдай келген серілер мен олардың аналары кімдер?! Оны осы апта бойы сағат 17:20-да көрсетілетін бағдарламаның күнделігінен біле аласыздар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!