Алматыда тұрғындар жылуды өшіруді талап етіп жатыр
Ыстық діңкелетті. Алматылықтар пәтерлеріндегі ауа температурасы 30 градусқа дейін жететінін айтып, шамданып жатыр. Көпшілігі, амалдың жоқтығынан жылуды өздері өшіруге кіріскен. Бірақ, коммуналдық қызметті төлеуге міндетті. Тұрғындар жылу маусымын ертерек аяқтауды қалағанмен, жылу жүйесі мекемесіндегілер қатқан қағидаларынан қайтпай тұр.
03.04.2018
-Біреу тоңып секіреді, екіншілері ыстықтап секіреді. Сәуір келіп тәуір болар дегенмен орталық, солтүстіктегілер қыстан әлі күнге құтыла алмай әлек болып жатыр. Ал, оңтүстіктегі ағайын болса, керісінше пәтердегі аптаптан қалай арыларын білмей жылу желілерімен алысып жүр. Парадокс. Мәселен, қазір Алматыда күн райы 12 градус 0 ден жоғары. Ал, кеңседе жылу өшірілмегендіктен, плюс жиырмадан асып кетеді.
Алматылық Роза Есенқұлова жылда қайталанатын жағдайдың мезі қылғанын айтады. Даладағы температура 20 дан асқанда, үй құдды моншаға айналады дейді. Сондықтан, желдеткішті қосып, терезені ашуға мәжбүр. Өзі секілді тұрғындардың өтінішін пысқырмағасын, пысынағандар өздері жылуды өшірген.
Роза Есенқұлова, Алматы қаласының тұрғыны:
-Графигін кішкене өзгертсе деп ойлаймын. Немесе әркім өз пәтеріне есептегіш қойса, сол ақшамен төлесе. Ауаға төлеп жатқан сияқтымыз. Айына ақша келіп тұрады.
Қазір Алматыда әр үйге бір есептеуіш құрылғы қойылған. Жалпыдан жалқыға, яғни әр пәтерге орнату бастамасын қолдауға әзірге жергілікті атқамінерлер құлық танытпай отыр.Тұрғындардың айтуынша, ол жылу жүйелернің «жан бағуына» тиімсіз.
Ян Грин, «Алматы жылу жүйесі»ЖШС ресми өкілі:
-Біреу тоңды, болмаса ыстықтады деп атүсті шешім қабылдай алмаймыз. Аурухана, мектеп секілді әлеуметтік нысандардың барын да ескеруіміз керек. Орталық жылу болғандықтан, кестеге сәйкес өшіреміз. Мұндай жүйе бұрыннан бері келе жатыр.
Жылу жүйесіндегілер ыстықтан жүнжідік , жылуды өшірісін деген жұртшылық өтінішін орындай алмайтындарын кесіп айтты. Кестеге сәйкес тек сәуірдің ортасы орталық жылу жүйесі кезекті демалысқа шығады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!