Семейде үйлерін су басқан адамдарға студенттер көмекке келді
Семейде тасқын шайған аймақтарды қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілуде. Әсіресе, бұл игілікті іс-шараға жастар ерекше атсалысып жатыр. Бүгін жергілікті оқу орындарының бір топ студенті топан су басқан Мирный кентіне барып, зардап шеккен тұрғындарға қолғабыс қылды. Олар үйлердің аулаларын тазалап, күл-қоқыстан арылтуда. Бірақ зар қаққан жұрт арнайы комиссияның тезірек тексеріс жүргізуін сұрап отыр.
Автор: Ұлан Нұрахмет
03.04.2018
Семейлік студенттер тасқыннан зардап шеккен жерлестерінt қолдау қолдау білдіріп жатыр. Олар кеше ғана Түйемойнақ аралында сенбілік ұйымдастырды. Енді жастарн алты көшесі су астында қалған Мирный кентінің тұрғындарына қолғабыс жасауды ұйғарыпты. Тіпті қыздарға дейін аянып жатқан жоқ.
Кәмшат Төлегенқызы, студент:
- Немқұрайды қарай алмадық. Сол үшін мұнда ыдыс-аяқтарын жуып, үйлерін жинап, көмектесіп жатырмыз.
Әйтсе де, әлек салған топан судан жұрт естерін әлі жиып үлгермеген. Шығын да тым көп. Дүние-мүліктерінің барлығы жарамсыз күйде тұр. Тек оны есептеу үшін құрылған арнайы комиссия бес күн өтсе де асықпай отырған көрінеді.
Арайлым Тайтөлеуова, Семей қаласының тұрғыны:
-Бізге тезірек комиссия жіберсін. Тек бір жолы ғана бағалаушы келді. Енді, екі комиссия келеді дейді. Біз олар келгенше тамақ ішпей, газ жоқ, свет жоқ, қалай отырамыз?
Ал комиссия өкілдері қолдан келгенше жұртқа көмек көрсетіп жатырмыз деп ақталды. Айтуларынша, бүгінде Мирный кентінен 63 үйден өтініш түскен.
Айдар Абдулхамитов, Мирный штабының жетекшісі:
-Біз тұрғындардың өтініші бойынша азық-түлік, одан кейін жолдарды жөндеу, суларын сору сияқты жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Сонымен қатар, тұрғын үйдегі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Кімге қаншалықты қажеттілік туындап отыр, соны орындауға тырысамыз.
Сондай-ақ, штаб өкілі Мирный кентіндегі тасқыннан зардап шеккен баспаналарды тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бұл аймақтан көшірілген 30 адам әлі күнге дейін қонақ үйді паналауда. Ал шаһарда жарияланған төтенше жағдай әзірге өз күшінде тұр. Бірақ, бір жақсысы, Ертіс өзеніндегі судың деңгейі төмендеген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!