Шымкентте балмұздақтан уланғандардан салмонеллез ауруы әлі де шығып жатыр
Осы уақытқа дейін ауруханаға түскен екі жүзге жуық адамның 27-сінен осы ішек инфекциясы анықталған. Бұл туралы бүгін денсаулық сақтау департаменті мен қоғамдық денсаулық сақтау депатартаменттерінің басшылары хабарлады. Жұртқа жаппай қауіп төндірген соң жасалған сараптаманың қортындысы әлі шықпаған. Бірақ қазіргі анықталып жатқан жәйттердің өзі жаға ұстатарлық.
Автор: Бек Әбиев
03.04.2018
5 күннен бері жұқпалы аурулар ауруханасына түскендер саны бүгінге дейін 188 болып шықты. Олардың 87-сі – кәмелет жасына толмаған балалар.
Бүгінге дейін ауруханаға түскендердің 27-сінен сальмонеллез инфекциясы табылған. Қазір ауруханада 89 адамның жатқанын және сараптама қортындысы әлі шықпағанын ескерсек, аталмыш ішек инфекциясын жұқтырғандар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. Сорақысы сол, балмұздақ әзірлеп және сатқан 12 жұмысшының екеуінен инфекция табылды. Қалған жұртқа да осылар жұқтырған болуы мүмкін. Ал қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің мамандары балмұздақ сататын дүңгіршекте ереженің өрескел бұзылғанын анықтаған.
Нұрбек Нышанов, ОҚО Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы
-Полиэтилен ыдыстармен тасымалданды. Одан бөлек, барлық өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжаттары жоқ. Тек бір ғана құрғақ сүт өніміне мерзімі өткен құжаты ұсынылды. Балмұздақ қоспасы талаптарға сай реферижераторы бар көлікпен емес, өзінің жеке көлігімен тасымалданып келген.
Балмұздақ дайындалуы тиіс арнайы орында емес, кәсіпкердің үйінде дайындалған. Ол жерде ешқандай залалсыздандыру жұмыстары жүргізілмегені де анықталды. Тағы бір масқара: сатушы мен асты әзірлеушілердің тек біреуінде ғана медициналық кітапшасы болыпты. Қоғамдық денсаулық сақтау департаментіндегілер бұл дүңгіршекті «елеусіз нысан» деп тауып, бұған дейін мүлдем тексермеген де екен. Сондай-ақ, енді тексеріп жатырмыз дегендер ол нысанның қашаннан бері балмұздақ сатып жатқанын да айта алмады. Қазір жабық тұрған дүкенге тексерістер жүргізіліп, полиция іс те қозғаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары